Өскеменде 2 шақырымнан астам тротуар төселді
depositphotos.com
Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Абзал Маулетханов облыс орталығында 2025 жылдың алғашқы жартысында атқарылған абаттандыру жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы мен қалалық бюджеттік бастамалар аясында биыл аулаларды абаттандыруға, балалар мен спорт алаңдарын орнатуға 1 млрд 138,5 млн теңге бөлінді. Жөндеу тізіміне 40 аумақ енді. Соның ішінде 16 ауланың аумағы кешенді түрде абаттандырылып, 16 балалар, 9 спорттық алаң орнатылды.
Қазіргі таңда 37 нысанда жұмыс жүріп жатыр: 17 шағын архитектуралық форма орнатылды, бетон негізі дайындалып, 3 мың шаршы метрден астам брусчатка төселді. Жалпы ауданы 5 мың шаршы метр болатын 8 футбол алаңына арналған негіз әзірленді.
Қоғамдық кеңістіктер де жаңарып келеді. Жеңіс даңғылы мен Сәтпаев көшесінің бойындағы ғимараттардың қасбеттеріне сәндік жарықтандыру орнату аяқталды. Филармония (Мәдениет үйі) жанындағы скверде төсеу жұмыстарының 86%-ы орындалып, фонтан, жарықтандыру, суару жүйесі орнатылып, көгалдандыру жүргізілді. «Микен» дүкені маңындағы Қазақстан көшесінде плитка төсеу мен абаттандыру элементтерін орнату аяқталуға жақын. Ертіс жағалауында заманауи қоғамдық кеңістік – баскетбол алаңы, скейт-парк, мурал және демалыс аймақтары бар кешен салынуда. Шешек асуында автотұрақтар, тротуарлар, мангал орындары мен беседкалар жабдықталып, 40 орындық орнатылды.
Қалада жол жөндеу жұмыстары да жүріп жатыр. Биыл орташа жөндеу 35 учаскені қамтиды. Бұл мақсатқа 3,86 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда 23 учаскеде жұмыстар толық аяқталды, үшеуінде соңғы кезеңге жеткен, ал сегізінде келесі аптада басталмақ.
Сонымен қатар 46 шақырым жоспарланған қиыршықтас жолының 29 шақырымы жөнделіп бітті.
Жаңа тротуарлар да төселуде: 9,6 шақырымның ішінен 2,4 шақырымы жаңартылды.
Көше жарығына да баса мән берілуде: «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша 7 учаскеге жарық тартылды, есептік кездесулер нәтижесінде тағы 30 нысан жоспарға алынды. Депутаттардың тапсырмасы бойынша үш аумақта жарық орнатылады. Сонымен қатар мектептерге апаратын жолдарда да жарық жүргізілмек.
Елизавета Седых