KZ
Өскемен
-5°
пасмурно жел 12 м/с, СБ
519.61 610.13 6.54

Күршімдегі №5 қазандық 35 жылдан кейін қайта іске қосылады

10.07.2025, 15:00 386 Айдос Мырзахметов

Күршім ауылында 35 жыл бойы тоқтап тұрған №5 орталық қазандықты жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Жобалау және қайта құру жұмыстары биыл наурыз айында басталған. Мұнда қуаттылығы 1,5 гигакалория болатын бес қазандық орнатылады, қазір үшеуі орнатылған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

— Қазандықтың жалпы жылу қуаттылығы 7,5 гКл болады. Сорғылар жүйесін орнатып жатырмыз. Сонымен қатар қазандықтың жеке жылу тарату жүйесі тартылуда. Қазіргі кезде 1,9 шақырым жылу жүйесі төселіп, жұмыстардың 80 пайызы орындалды. Барлық жұмыстар тамыз айында аяқталады. Қазандықты іске қосып, жылыту маусымына толықтай дайындап береміз, – дейді «АСТ Химпром» ЖШС өкілі Олжас Мырзахметов.

Жаңғыртылып жатқан №5 қазандық он мемлекеттік мекемені, бір мектеп пен бір балабақшаны қамтитын болады. 

Күршім ауданы ТҮКШ, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімі басшысының міндетін атқарушы Самал Әскеркелдіқызының айтуынша, бүгінде Күршім ауылында төрт орталық қазандық жұмыс істеп тұр. Олардың үшеуі бұрыннан, ал төртіншісі 2023 жылдан бастап іске қосылған. Бұл қазандыққа бір мектеп, үш көпқабатты тұрғын үй және пошта мекемесі қосылған.

— Қазіргі қайта жаңғыртылып жатқан бесінші қазандық 35 жылдан бері тоқтап тұрған болатын. Жобаны іске асыруға 333,8 млн теңге, ал жылу жүйелерін тартуға 240,7 млн теңге қарастырылған. Бұл жұмыс 2024-2025 жылдарға жоспарланғанымен, біз оны биылғы жылыту маусымына дейін аяқтауды көздеп отырмыз, – деді Самал Әскеркелдіқызы.

Сонымен қатар бұрын пайдаланылған алтыншы қазандықты қалпына келтіру де жоспарда бар. Егер оған қаржы бөлінсе, көпқабатты тұрғын үйлер мен екі мемлекеттік мекеме орталық жылу жүйесіне қосылатын болады.

Фото: Екатерина Семина

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу