KZ
Өскемен
-19°
плотный туман Штиль
526.11 542.31 4.76

Өңірдегі жылу жүйелері жөнделуде

14.12.2024, 16:30 41 Гульжан Мусина

Алтай, Үлкен Нарын, Глубокое, Ұлан, Күршім және Зайсан аудандарында жылу көздерін жөндеу және жаңғырту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Халықты көмірмен қатамасыз ету жоспарға сәйкес орындалуда. Қараша айының соңына дейін көмірмен қамтамасыз ету 85%-ға жетеді.

– Жылдағы көмір сатып алу үрдісін бақылай отырып, қалған 15% көмірді халық жаңа жылдан кейін алып, қорларын толтырады деп болжап отырмыз. Халық өз-өзін қаңтар айына дейін жеткілікті көмірмен қамтып отыр. Көмір алуға ұзын-сонар кезек те, сатып алушылардың арасында ешқандай дүрбелең де жоқ, – деп атап өтті ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов.

Жылу мен жөндеуге қыруар қаражат бөлінген аудандар

Ең көп қаражат Катонқарағай ауданы мен Ұлан ауданындағы жылу жүйелерін жаңартуға бөлініп отыр. Катонқарағай ауданында қуаттылығы сағатына 6 гигакалория болатын 2,2 миллиард теңге сомаға жаңа қазандық пайдалануға берілді. Ал Ұлан ауданындағы Қасым Қайсенов кентінде ұзындығы 9 шақырым болатын орамішілік желілер қайта жаңғыртылуда. Жобаның сметалық құны 2,7 миллиард теңгені құрайды. Мұнда биылға жоспарланған 3,5 шақырымның 3 шақырымы жөнделді. Бұл қайта құру жобасы 2025 жылы жалғаспақ.

– Глубокое кентінде №4 және №5 қазандықтарының жөндеу жұмыстары аяқталды. №3 қазандықты жөндеу 88%-ға орындалды және жұмыстар қазан айының соңына дейін аяқталады. Жөндеудің жалпы құны 337 миллион теңгені құрайды. Үлкен Нарын ауданында орталық қазандықтардың 4 қазандығы және аурухана мен агроколледж қазандықтарының жабдықтары жөнделді. Барлық орындалған жұмыстар құны 6,5 миллион теңге. Ұлан ауданындағы «Айтас-Энерго» ЖШС-да бес қазандықтың төртеуі жөнделді. №3 қазандықтың конвейерін ауыстыру 20 қазанға дейін аяқталмақ.
Жөндеудің жалпы құны 188 миллион теңгені құрады, – деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Наурызбай Сармурзин.

Бұқтырма кентіндегі барлық бес қазандық жылыту маусымына дайын. Күршім ауданында 85 миллион теңге жұмсалып, барлық қазандықтар жөнделген. Зайсан ауданында жылыту маусымына дайындық аясында 90 миллион теңгеге Қ.Сәтбаев қазандығына және Серебрянка қаласында төрт қазандықтың үшеуіне ағымдағы жөндеу жүргізілді.

Суық түссе де кей жөндеу жұмыстары жалғасуда

Алтай, Шемонаиха аудандары, Өскемен мен Серебрянка қалаларында жылыту жүйелеріне қатысты жөндеу жұмыстары қарашаның боз қырауы түскенге дейін жалғаспақ.

Шемонаиха ауданында жалпы құны 188,6 миллион теңгені құрайтын 990 метр жылу желілері ауыстырылды. Алайда құбырларды төсеу жұмыстары қара күздің басына дейін созылады.

 – Алтай ауданында 861,3 миллион теңгеге жылумен жабдықтау жүйесі жөнделді. Бес қазандықтың үшеуі дайындалды және №1 қазандықтың құбырларын ауыстыру жұмыстары 1 қазанда ғана басталды, – деді Наурызбай Сармурзин.

Сондай-ақ құны 220 миллион теңгені құрайтын Өскемендегі Қ.Сәтбаев даңғылында Халифа Алтай мешітіне қарама-қарсы орналасқан жылу құбырларын қайта жарақтандыру жобасы қараша айының соңына дейін жоспарланған.

Риддердегі жағдай қандай?

Риддер қаласында жылыту маусымы 26 қыркүйекте басталды. Жылуды ерте берудің арқасында жылыту құбырларындағы ақаулар да ерте анықталып, уақтылы оңалтуға мүмкіндік болды. Яғни, 4 қазан күні Риддер қаласындағы 2 коммерциялық нысан мен 17 үй 9 сағатқа жылусыз қалды. Бірақ бұл жергілікті тұрғындарға ешқандай жайсыздық тудырмады. Себебі сыртқы ауа температурасы 18 градусты көрсетіп тұрды.

– Негізінен жылу жүйесі сырты ауа температурасы 5 күн қатарынан 8 градусқа дейін төмендеген жағдайда ғана іске қосылады. Біз жылуды мерзімінен ерте бергендіктен Семёнов көшесі, 15 үйдің жанында бұрын жөнделмеген жылу желісінде ақаулар барын анықтадық. Коммуналды қызмет мамандары 9 сағаттың ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жылуды қайта іске қосты. Сол күні сыртқы ауа температурасы 18 градусты көрсетіп тұрды. Сондықтан тұрғындардың тарапынан ешқандай шағым түскен жоқ. Барлық мәселе жедел шешілді, – деді ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов.

Сонымен қатар Бақытжан Кәкенқажыұлы Риддерде жылыту маусымына дайындық барысында жылу жолдарының 65 нүктесіне қосымша жөндеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

Айта кету керек, өткен жылдан бері Риддер ТЭЦ-інің жөндеу жұмыстарына 86 миллиард теңге бөлінді.

Ақерке Рағызбаева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу