ШҚО-ның әр өңірінде жылу жүйелері жөнделуде
depositphotos.com
Алтай, Үлкен Нарын, Глубокое, Ұлан, Күршім және Зайсан аудандарында жылу көздерін жөндеу және жаңғырту жұмыстары белсенді жүргізілуде, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
Ең көп қаражат Катонқарағай ауданы мен Ұлан ауданындағы жылу жүйелерін жаңартуға бөлініп отыр. Яғни, Катонқарағай ауданында қуаттылығы сағатына 6 гигакалория болатын 2,2 миллиард теңге сомаға жаңа қазандық пайдалануға берілді. Ал Ұлан ауданындағы Қасым Қайсенов кентінде ұзындығы 9 шақырым болатын орамішілік желілер қайта жаңғыртылуда. Жобаның сметалық құны 2,7 миллиард теңгені құрайды. Мұнда биылға жоспарланған 3,5 шақырымның 3 шақырымы жөнделді. Бұл қайта құру жобасы 2025 жылы жалғаспақ.
Бұқтама кентінде барлық бес қазандық жылыту маусымына дайындалған. Күршім ауданында 85 миллион теңге жұмсалып, барлық қазандықтар жөнделді. Зайсан ауданында жылыту маусымына дайындық аясында 90 миллион теңгеге Қ.Сәтбаев қазандығына ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Жөндеу жұмыстары әлі күздің қара суығына дейін жалғасатын жобалар да жоқ емес. Алтай ауданда 861,3 миллион теңгеге жылумен жабдықтау жүйесі жөнделді. Бес қазандықтың үшеуі дайындалды және №1 қазандықтың құбырларын ауыстыру жұмыстары 1 қазанда ғана басталды.
Серебрянка қаласында төрт қазандықтың үшеуіне ағымдағы жөндеу жүргізілді. Шемонаиха ауданында жалпы құны 188,6 миллион теңгені құрайтын 990 метр жылу желілері ауыстырылды. Құбырларды төсеу жұмыстары 15 қазанға дейін аяқталады. Сондай-ақ құны 220 миллион теңгені құрайтын Өскемендегі Қ. Сәтбаев даңғылындағы Халифа Алтай мешітінее қарама-қарсы орналасқан жылу құбырларын қайта жарақтандыру жобасы аяқталу сатысында тұр, аяқталуы ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін жоспарланған.