KZ
Өскемен
-16°
небольшая облачность жел 2 м/с, СШ
510.18 601.91 6.51

Вице-премьер Ермек Көшербаев Қапшағай су қоймасындағы туристік инфрақұрылыммен танысты

Фото: primeminister.kz

11.07.2025, 20:30 289 Ержан Әбіш

Қазіргі кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет елдегі туристік аймақтарды тиісті деңгейге келтіру бағытында шұғыл шаралар қабылдап жатыр. Президент әсіресе танымал демалыс орындарындағы қызмет көрсету сапасының төмендігіне, инфрақұрылымның жеткіліксіздігіне және санитарлық ахуалға қатысты сын айтып, мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайтынын қатаң ескертті, деп хабарлайды Altainews.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасына сәйкес Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев туристік әлеуеті жоғары өңірлерге іссапарларын бастады. Алғашқы нысан ретінде Қонаев қаласындағы Қапшағай су қоймасының жағалауы таңдалды.

Қапшағай су қоймасы – ішкі туризмнің ең танымал бағыттарының бірі. 2025 жылдың бірінші жартысында мұнда 860 мыңнан астам адам демалған. Өңірде 140 туристік нысан, соның ішінде 8 коммуналдық жағажай жұмыс істейді.

Сапар барысында Ермек Көшербаев орналастыру орындарының, жағажай және жол инфрақұрылымының жағдайымен, аумақтың санитарлық тазалығымен, қоғамдық тәртіп пен төтенше жағдайлар қызметтерінің дайындығымен танысты. Вице-премьер өңір әкімдігіне солтүстік жағажайға апаратын жолдарды биылғы күзге дейін толық аяқтауды тапсырды.

Жергілікті кәсіпкерлер мен тұрғындар туристік аймақтардағы бірқатар мәселелерді көтерді. Ең алдымен инфрақұрылым тапшылығы назарға алынды. Кәсіпкерлер электр қосалқы станцияларының жетіспеушілігін, кәріз жүйесінің болмауын және қазіргі инженерлік желілердің шамадан тыс жүктелгенін атап өтті. Инвестициялар салынып жатқанына қарамастан, туристік аймақты тұрақты дамыту жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүйелі шешімдер қабылдауды талап етеді. Жағажайларда 280 дәретхана бар, олардың санитарлық қызметін үздіксіз бақылау және үйлестірілген жұмыс қажет.

Басты басымдықтардың бірі – қауіпсіздік пен төтенше жағдайларға дайындық. Вице-премьер Төтенше жағдайлар министрлігіне барлық жағажайдағы құтқару бекеттерін талапқа сай жабдықтауды және алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар демалушылар легі көбейетін кезде, әсіресе 15 мың адамға дейін қатысатын іс-шаралар өткізілгенде, инженерлік жүйелер мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтердің дайындық мәселесі де қаралды.

Сапар аясында туристік аумақтарды аймақтарға бөлуге арналған пилоттық жоба ұсынылды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерінің айтуынша, бұл жүйе жағалауды рекреациялық, табиғатты қорғау, инфрақұрылымдық және басқа да аймақтарға бөлуді көздейді. Мұндай тәсіл аумақты тиімді басқаруға, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және демалушылар мен инвесторлар үшін жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Сапар барысында баға қалыптастыру мәселесі де көтерілді. Қызмет көрсету сапасының артқанына қарамастан, кейбір нысандарда баға жоғары күйінде қалып отыр. Әсіресе, коммуналдық жағажайларда халыққа қолжетімді болуы тиіс қызметтердің неге қымбат екені зерделенбек.

Экологиялық мәселелер де назардан тыс қалмады. Егер Балқаш көлінде су деңгейі тұрақты болса, Алакөлде бұл көрсеткіш құбылмалы, нәтижесінде жағалау сызығы жылжып, инфрақұрылым орнын ауыстыруға мәжбүр етеді. Ермек Көшербаев жаңа нысандар салу кезінде табиғи ерекшеліктерді ескеріп, ғылыми-инженерлік сүйемелдеу жүргізу қажеттігін атап өтті.

Коммуналдық жағажайлар тазалық пен қызмет көрсету сапасы бойынша стандарттарды ұстануы керек. Жайма базар, «көлеңкеде» жұмыс істеуге жол беруге болмайды. Түбіртектер, терминалдар, салықтық тіркеу болуы керек. Адамдарды бала кезінен бастап тәртіп пен заңға үйрету қажет. Билік тарапынан ағымдағы мәселелерді жою ғана емес, жүйелі түрде тәртіп орнату және азаматтардың күткеніне сай жағдай жасау маңызды. Туризм – бұл елдің бет-бейнесі. Алакөл, Қапшағай, Балқаш сияқты табиғи аймақтарды салу кезінде жағалау сызығының өзгергіштігін ескеру, күзет аймақтарын салу, халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Мұның барлығына жергілікті атқарушы органдар жауапты, – деді вице-премьер.

Іссапар жалғасуда. Туристік нысандар толық араланып болған соң, өңір әкімдері мен тиісті мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен кеңейтілген отырыс өтіп, анықталған кемшіліктерді жою барысы мен алдағы шаралар талқыланатын болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу