Тұтынушы құқығы: жасанды интеллект көмекке келді
Фото: pexels.com
Соңғы уақытта жасанды интеллектіні тұтынушылық қатынастарда қолдану мәселесіне ерекше назар аударылуда. Consumers International ұйымының бастамасымен Осы жылы «Тұтынушылар үшін әділ және жауапты жасанды интеллект» ұранымен іс-шаралар өткізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жасанды интеллект саласындағы инновациялар тұтынушыларға көптеген мүмкіндіктер ұсынады. Мысалы, сатып алу тарихы мен артықшылықтарына негізделген жеке ұсыныстар тұтынушының талаптарына сай тауар немесе қызметті табуға көмектеседі. Алайда, жасанды интеллектінің қолданылу аясы кеңейген сайын мәселені шешуге тура келетін мәселелер де көбейіп келеді.
Бұл жайында біз Сауда және интеграция министрлігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандарымен сұхбаттасқан болатынбыз.
Биыл Тұтынушылардың құқықтарын қорғау күні «Тұтынушылар үшін әділ және жауапты жасанды интеллект» ұранымен өтеді. Бұл тақырып қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?
Қазіргі таңда тұтынушылар түрлі сандық қызметтерді пайдаланады, олар әрекеттерін жеңілдетеді. Бұл қаржылық қызметтер, медициналық қызметтер (дәрігерге жазылу), банктік қызметтер (коммуналдық төлемдер төлеу немесе депозит ашу), сондай-ақ сатып алулар болуы мүмкін. Мұның барлығын әртүрлі қолжетімді қосымшалар арқылы жасауға болады.
Жасанды интеллектінің дамуы көптеген артықшылықтарға ие, бірақ оның қолданылуы тұтынушылардың қауіпсіздігіне зиян келтіруі мүмкін. Мұндай жағдайларға жалған ақпараттың таралуы мен құпиялылықтың бұзылуы жатады. Жасанды интеллект басқаратын платформаларды қолданумен байланысты тәуекелдерден тұтынушыларды тиімді қорғау үшін жаһандық, бірлескен және үйлестірілген тәсіл қажет.
Соңғы бірнеше жылда Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының шағымдарының сипаты қалай өзгерді?
Бөлшек сауда және тұрмыстық салаларға қатысты шағымдардан бөлек, интернет-саудаға қатысты өтініштер көбейіп отыр. Мысалы, өткен жылы 689 өтініш тіркелген, соның ішінде 189 өтініш – электронды сауда саласында. Бұл жалпы өтініштердің 27 пайызын құрайды. Қайтарылған ақша сомасы – 2 900 498 теңге.
Интернет-дүкендерде сатып алған кезде тұтынушылар көбіне тауар туралы, өндіруші, төлем және жеткізу әдістері туралы ақпараттың берілмеуі, тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту, тауардың қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмеуі, сапасыз тауар ұсыну сияқты құқық бұзушылықтармен кездеседі. Сондай-ақ, тауарды сатып алғанын растайтын құжаттардың берілмеуі, тауарды жеткізу мерзімдерінің сақталмауы, сатушының шағымға жазбаша жауап бермеуі секілді фактілер кездеседі.
Онлайн-алаяқтықтарға түспеу үшін тұтынушыларға қандай кеңестер немесе ұсыныстар бере аласыз?
Тұтынушы интернеттен тауар сатып ала отырып, ол туралы тек шектеулі ақпарат алады. Сатып алу жасамас бұрын, оның қаншалықты қажетті екенін ойластырыңыз. Басқа сатып алушылардың пікірлерін зерттеңіз, бірақ алаяқтар өздері туралы жағымды пікірлер қалдыра алатынын ұмытпаңыз.
Интернет-іздеу жүйесін қолданыңыз. Кейде сатушының телефон нөмірін немесе желідегі бүркеншік атын іздеу арқылы осы деректер бұрыннан ақша ұрлауға және сатып алушыларды алдауға қолданылғанын анықтауға болады. Ақшамен төлегенде сатып алушылар интернет-сатушылардан фискалдық чекті, тауардың құжаттарын, шот-фактура және сатып алу туралы келісімшартты талап етуге құқылы. Қашықтан тапсырыс беру кезінде тұтынушылар интернет-алаяқтардан зардап шекпеу үшін сақ болуы керек.
Егер кәсіпкер тұтынушылардың құқықтарын бұзса, қандай шаралар қолданылады?
Заңнама бойынша тұтынушылардың құқықтарын бұзу үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Әкімшілік жауапкершілік тұтынушылардың тауар, жұмыс немесе қызметтің тұтынушылық қасиеттері немесе сапасы туралы жаңылыстыруы, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен сауда қызметін жүргізетін ұйымдардың басқа да алаяқтық әрекеттері үшін белгіленген.
Полиция органдарына ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 190-бабының бірінші – төртінші бөлімдеріне сәйкес тұтынушыны алдау үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту міндеті жүктелген. Мұндай әрекеттер жауапкершілікке тартылатын субъектінің категориясына, бұзушылықтың қайталануына және келтірілген залалдың мөлшеріне байланысты айыппұл салу, лицензияны алып қою, немесе үш жылға дейін қызметін тоқтату немесе шектеу түрінде жазалануы мүмкін.
Әкімшілік жауапкершілік сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-нің 190-бабының бесінші және алтыншы бөліктерінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында тиісті ақпаратты ұсынбағаны үшін де қарастырылған.
Шығыс Қазақстан облысындағы тұтынушылар өз құқықтары бұзылған жағдайда немесе кеңес алғысы келсе, қайда жүгінуі керек?
Тұтынушылар ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне кеңес алу үшін жүгінуі мүмкін. Бұл мекеме Өскемен қаласында, Крылов көшесі, 114 мекенжайында орналасқан, телефон: 8 (7232) 267-207.
Тұтынушылар өз құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, олар өз талаптарын сатып алушыға (өндірушіге, орындаушыға) тікелей немесе құжатты хабарлама арқылы жеткізіп, тиісті шешім алу үшін сотқа немесе мемлекеттік органдарға жүгінуге болады.