Қазақстанның көлік саласы жарты жылда 22,7 пайыз өсім көрсетті
Фото: ҚР Үкіметі
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Баяндамаларда ерекше назар аударылған бағыттардың бірі – көлік саласының өсу қарқыны, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың мәлімдеуінше, 2025 жылғы қаңтар-маусым айлары аралығында көлік саласы 22,7 пайызға артқан. Бұл өсім нақты сектордың белсенді дамуы мен жүк тасымалы көлемінің ұлғаюы нәтижесінде мүмкін болды. Биылғы алты айда 550,7 млн тонна жүк тасымалданған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,9 пайызға артық.
Ең үлкен өсім көрсеткен салалар қатарында құбыр арқылы тасымалдау (+18,2%), теміржол көлігі (+12,4%) және автокөлікпен тасымалдау (+1,8%) бар. Сондай-ақ жолаушылар тасымалында да айтарлықтай өсім байқалды – 928 млн адам тасымалданып, бұл көрсеткіш 10,5 пайызға ұлғайған.
Министрдің айтуынша, көлік саласындағы белсенділік экономиканың негізгі секторларындағы: тау-кен металлургия өнеркәсібі, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, құрылыс және сауда салаларындағы жандануымен тығыз байланысты. Бұл тек қалпына келу ғана емес, сонымен қатар көлік инфрақұрылымының жүйелі даму үрдісін көрсетеді. Көлік саласы ел экономикасының логистикалық күретамыры ретінде стратегиялық рөл атқарады.
Үкімет өкілдері көлік саласындағы оң динамика Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, елдің халықаралық сауда жүйесіндегі орнын күшейтетінін атап өтті.
Дамир Омаров