KZ
Өскемен
+24°
пасмурно жел 2 м/с, ОБ
518.97 607.3 6.64

Қазақстан экономикасы 6%-ға өсті – өсім қай салаларда байқалды?

12.06.2025, 14:10 1 069 Гульжан Мусина

2025 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында Қазақстан экономикасы 6%-ға өсті. Бұл — былтырғы осы уақытпен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. Экономиканың өсіміне түрлі салалар – өнеркәсіп, құрылыс, көлік, сауда және ауыл шаруашылығы үлкен үлес қосты, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі Экономика министрлігіне сілтеме жасап.

Өнеркәсіп өндірісі 6,4%-ға артты. Ел бойынша 17 өңірде өсім бар. Ең жоғары өсім Жамбыл облысында тіркелді – бірден 22,9%. Бұған кен өндіру, тыңайтқыш, цемент және қант өндірісінің дамуы әсер еткен. Сондай-ақ, Түркістан, Жетісу облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларында да өндіріс қарқынды дамуда. Ауыл шаруашылығы саласында өсім 4% болды. Мал мен құстың сойылуы артқандықтан, әсіресе Атырау, СҚО, Ақмола облыстарында жақсы көрсеткіш тіркелді. Түркістан, Абай және Қостанай облыстарында да өсім байқалды.

Құрылыс саласы биыл ерекше белсенді – 15,4% өсім. Елдің 18 өңірінде құрылыс көлемі артқан. Маңғыстау облысында ірі жобалар – мектептер, зауыттар мен жолдар – құрылыстың екі есе өсуіне себеп болды. Қызылорда, Қостанай, Астана, Түркістан өңірлері де белсенді. Жалпы 6 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынған – бұл былтырдан 5,7%-ға көп.

Негізгі капиталға салынған инвестиция 18,2%-ға артты. Бұл – инфрақұрылым, өндіріс пен әлеуметтік нысандарға құйылған қаржы.

Сауда айналымы да артып келеді – 7,8%. Көтерме сауда мен бөлшек саудада да өсім байқалады. Түркістан, Ақмола облыстары мен Шымкент қаласы бұл салада алда.

Байланыс және телекоммуникация саласында өсім – 2,8%. Бұл, әсіресе интернет қызметінің кеңеюі арқасында (+13,9%).

Көлік саласындағы өсім тіпті жоғары – 23,1%. Теміржол мен құбыр арқылы жүк тасымалы айтарлықтай артқан. Жетісу, Абай және Ақтөбе облыстары көш бастап тұр.

Экономиканың түрлі салаларында оң өзгерістер байқалады. Құрылыс пен көлік саласы алда келеді, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы да тұрақты дамып жатыр. Үкімет пен жергілікті билік осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, елдің дамуын қамтамасыз етуді көздеп отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу