Қазақстан Еуразиялық кеңістіктегі транзиттік әлеуетін нығайтып жатыр
Фото: Pixabay сайтынан / Ralf Ruppert
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде көлік инфрақұрылымын жаңғырту, логистиканы цифрландыру және стратегиялық бағыттардағы өткізу мүмкіндігін арттыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жөнінде Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кабмин мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы Қытайдан Еуропаға өтетін транзит көлемі 4,5 млн тоннаны құрап, жылдық өсім 62 пайыз болған. Бұл геосаяси ахуал аясында Қазақстан арқылы өтетін бағыттарға сұраныстың тұрақты екенін білдіреді.
Негізгі инфрақұрылымдық жобалар (2025): Достық – Мойынты учаскесінде екінші темір жол желісінің іске қосылуы; Алматыны айналып өтетін темір жол құрылысы; Дарбаза – Мақтарал, Мойынты – Қызылжар, Бақты – Аягөз учаскелерін жобалау.
Олжас Бектеновтың айтуынша, бұл жобалар өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Цифрлық серпін: TEZ Customs платформасының енгізілуі транзиттік декларация рәсімдеу уақытын 3 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартты. Бұл – халықаралық операторлар үшін тартымды әрі жылдам маршрут қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ақтау порты мен автокоридорлар: 2025 жылдың маусымында Ақтау теңіз портында жаңа контейнерлік хаб іске қосылды. Бұл Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (ТМТМ) әлеуетін арттырып, Қазақстанның мультимодальды хаб ретіндегі рөлін бекіте түседі.
Ал ең ауқымды жобалардың бірі – «Орталық – Батыс» автожолы. Астана – Жантеке – Егіндікөл – Арқалық – Торғай – Ырғыз бағыты бойынша 899 шақырымдық жол 2025-2029 жылдары салынады.
Жоба нәтижесінде: Бұрын болмаған жолдар ашылады (Егіндікөл – Арқалық, Торғай – Ырғыз), 3,5 мың жұмыс орны құрылады, 1000-нан астам техника жұмылдырылады, Арқалық пен тұтас Торғай өңірінің дамуына серпін береді.
Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі транзиттік артерия ретіндегі рөлі енді тек ұран емес, нақты жүзеге асып жатқан стратегиялық бағдар. Инфрақұрылымдық жобалар мен цифрлық шешімдер елді өңірлік хабқа айналдырып, бизнес үшін де жаңа мүмкіндіктер ұсынады.
Дамир Омаров