KZ
Өскемен
-23°
туман жел 1 м/с, С
501.02 597.27 6.59

Үкімет туризм саласындағы түйткілдерді шешу үшін «Жол картасын» әзірлейді

15.07.2025, 18:50 233 Ержан Әбіш

Бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Мемлекет басшысының туризм саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүргізілген инспекциялық сапар барысында туристердің, туристік бизнес өкілдерінің және жергілікті атқарушы органдардың пікірлері жиналғанын айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Оның айтуынша, бұл ақпараттың бәрі енді сарапталып, алдағы уақытта туризм саласындағы проблемалар мен құқық бұзушылықтарды жоюға арналған арнайы «Жол картасы» әзірленеді.

– Қазір біз жол картасын жасап, Үкіметте бекітіп, оны төменге, яғни әкімдіктерге түсіреміз. Құжатта нақты мерзімдер, нақты орындаушылар және олардың жауапкершілігі көрсетіледі. Барлығы аты-жөнімен жазылады. Бұған қоса, біз оны ашық форматта жариялаймыз, сонда әр пункт пен мерзімді халық өзі де бақылап отыра алады. Бұл – маңызды тұстардың бірі, – деді Ермек Көшербаев.

Вице-премьердің айтуынша, туристік аймақтардағы басты мәселе – инфрақұрылымның жоқтығы. Бұл тек жолдарға ғана емес, күнделікті қажеттілік болып саналатын кәріз жүйесі, су құбыры мен электрмен қамтуға да қатысты.

– Жергілікті халық пен кәсіпкерлер үшін қысқа мерзімді жағажай-курорт маусымы – табыс табудың бірден-бір мүмкіндігі. Бірақ инфрақұрылымның болмауы көрсетілетін қызмет сапасының төмен болуына, жергілікті халықтың қалтасына салмақ салуға және тұтастай алғанда туризмнің дамуын тежейтін факторға айналуда, – деді ол.

Сонымен қатар Ермек Көшербаев сапар барысында бақылау жүргізілген аймақтарда шенеуніктердің келгенін естіген бойда тазалық жұмыстарын жүргізіп, олардың кеткенінен кейін бұрынғы қалпына қайта оралған жағдайлар да тіркелгенін атап өтті.

– Мұндай жағдайлар болуы мүмкін екенін біз түсінеміз. Алайда жинақталған мәліметтер негізінде нақты шаралар қабылданады, – деді ол.

Қазіргі таңда жұмыс тобы құрылып, барлық мәселе жүйеленіп жатыр. Жол картасында орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші кезектегі атқаратын шаралары көрсетіледі. Бюджет шығынын қажет етпейтін, әкімдіктер мен министрліктердің міндеттеріне жататын мәселелер таяу уақытта шешімін табатын болады.

– Бұдан бөлек, жиналған ақпараттың негізінде туризм саласын мемлекеттік реттеу жүйесі қайта қаралады. Қазіргі талаптар мен стандарттар шынайы жағдайға сай келуі тиіс. Бұл бағытта барлық мемлекеттік органдар тартылып, олардың ұстанымы ескеріледі, – деп түйіндеді Ермек Көшербаев.

Андрей Дудник

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу