Қаһарман Қасымға арналған туынды: Еркін Нұразхан жаңа кітабын таныстырады
23 шілде күні сағат 14:00-де Пушкин атындағы облыстық кітапханада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші-публицист Еркін Нұразханмен «Қаһарман Қасым: ерлік пен елдік шежіресі» атты әдеби кездесу өтеді. Шара аясында қаламгердің «Қаһарман Қасым» атты жаңа кітабының тұсаукесері ұйымдастырылады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Еркін Нұразхан 1953 жылы Тарбағатай ауданы, Жаңғызтал (қазіргі Жетіарал) ауылында дүниеге келген. Ол — қазақ бейнелеу өнерінде карикатура мен шарж жанрының дамуына сүбелі үлес қосқан танымал суретші, әрі публицистикада өзіндік стилі қалыптасқан қаламгер. 2000-2006 жылдары Халық Қаһарманы, партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің жеке хатшысы болып қызмет атқарған. Жазушының қасында жүрген жылдарда жинақтаған естеліктері мен өмірлік әңгімелері аталмыш кітапта қамтылған.
Бұл туынды — ХХ ғасырдағы жаужүрек батырдың көркем әрі шынайы бейнесін ашатын деректі жазбалар мен заманауи публицистиканың жарқын үлгісі. Кітапта Қасым Қайсеновтің ерлікке толы өмір жолы, елге сіңірген еңбегі жайлы тың деректер, сондай-ақ жұбайы Асылхан Қабышқызының жазбалары да топтастырылған. Автор батыр тұлғасын сан қырынан танытып, көркем тілмен өрнектейді.
Баршаңызды тағылымы мол кездесуге шақырамыз!