Жыл басынан бері еліміздегі көпбалалы отбасыларға 304 млрд теңгеден астам жәрдемақы төленді
Фото: ҚР ЕХӘҚМ
2025 жылдың басынан бері Қазақстанда көпбалалы отбасылар мен марапатталған аналарға 304,8 млрд теңгеден астам мемлекеттік жәрдемақы төленді. Жалпы алғанда, мұндай көмекті 857,9 мың адам алды. Оның ішінде көпбалалы отбасыларға 265,8 млрд теңге бөлініп, 615,4 мың отбасы қамтылды. Ал «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған аналарға 39 млрд теңге төленіп, 242,5 мың адам қамтылды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап Altainews.kz хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, 2025 жылдың маусым айында ғана осындай жәрдемақыларды 867,4 мың адам алды. Оның ішінде 623,5 мың отбасыға – 44,8 млрд теңге, марапатталған 243,9 мың анаға – 6,5 млрд теңге төленген.
Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыны 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан ала алады.
2025 жылы көпбалалы отбасыларға жәрдемақы мөлшері бала санына қарай сараланған:
-
4 балаға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге,
-
5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге,
-
6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге,
-
7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге,
-
8 және одан да көп балаға – әр бала үшін 4 АЕК немесе 15 728 теңгеден.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне, сондай-ақ бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» I және II дәрежелі ордендерімен марапатталған аналарға арналған жәрдемақы ай сайын төленеді:
-
«Күміс алқа» иегерлеріне – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге,
-
«Алтын алқа» иегерлеріне және басқа да жоғары марапат алған аналарға – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.
Айта кетейік, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған барлық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы 6,5%-ға өсті.
Дмитрий Чжан