ШҚО-да жасанды интеллект мүмкіндіктері білім саласында қалай қолданылып жатыр?
Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада өткен «Мәдениет пен өнер саласындағы жасанды интеллект» тақырыбындағы конференция үлкен қызығушылық тудырып, маңызды әңгімені жалғастыру қажеттігін көрсетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. Бұл кездесуге қатысушылардың барлығы білім беру мен ағарту саласына тікелей қатысы бар цифрландыру мен ЖИ қолданылуына ерекше мән беріп отыр.
Конференцияның басты спикері, педагогика ғылымдарының кандидаты, Мәскеу қаласынан келген доцент Вадим Степанов жасанды интеллектті мәдениет, өнер және білім салаларында толық пайдалануға болатын қуатты құрал, тиімді ресурс деп атады. Оның айтуынша, ЖИ-дің санасы жоқ, ол тек адам санасының жұмысына шебер еліктейді. Спикердің айтуынша, жасанды интеллект адамды алмастырмайды, алайда заманауи технологияны пайдаланбайтын адамдарды шетке ығыстыруы мүмкін.
Оның пайымдауынша, технология дамуы – қос қырлы құбылыс: бір жағынан адамға көмек, екінші жағынан – адам өздігінен ойлануға, тұжырым жасауға ерінетін жағдайға жетті. Шығармашылық қиял, өз бетінше шешім қабылдау сияқты қабілеттерге жауапты нейрондық байланыстар әсіресе жастар мен балаларда жетілмей жатыр. Ал мұндай қабілеттер аға буынның мықты жағы еді.
ОЙЛАЙМЫН, ЕНДЕШЕ ӨМІР СҮРЕМІН
Нейрондық байланыстар тек ми белсенділігі арқылы, яғни шаршау мен қажуды туғызатын ой еңбегімен дамиды. Бірақ бүгінгі таңда жеңіл шешімдер мәдениеті қалыптасқан: миға салмақ салудың орнына дайын жауапты пайдалану тиімдірек көрінеді. Бұл – өте айлакер тұзақ.
Егер адам өзінің табиғи интеллектін дамытпаса, оның қызметін біртіндеп жасанды интеллект атқара бастайды. Соның салдарынан адамда шешім қабылдайтын механизм мүлде жойылып кетуі мүмкін. Мұндайда жасанды интеллектке негізделген алгоритмдерді жасаушылардың айтқаны заңға айналады. Адам солардың айтқанын бұлжытпай орындайтын күйге жетуі мүмкін – тауар, қызмет түрлерін ғана емес, олардың бағалау пікірлерін де қабылдайды. Бұл алғашқыда елеусіз көрінгенімен, өте қауіпті жағдай. Осыған байланысты көптеген сарапшылар, ғалымдар дабыл қағып отыр.
ВИРТУАЛДЫ ПЕДАГОГ
Конференцияда осы тұрғыдан алғанда бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Соларға жауап іздеуге сарапшылар жұмылды. Солардың бірі – «Astana Polytechnik» жоғары колледжінің ақпараттық технологиялар жөніндегі директор орынбасары Самир Керимов.
Оның айтуынша, ЖИ бірнеше бағыт бойынша көмектесе алады. Соның ішінде – жеке білім беру траекторияларын қалыптастыру, интеллектуалды оқу жүйелерін әзірлеу.
ҒАЛАМДЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ
Самир Керимов 2025 жылы Қазақстанда жасанды интеллект туралы заң жобасы әзірленіп, бірінші оқылымда қабылданғанын да еске салды. Бұл заң жобасында ЖИ жүйелерін мүмкін болатын қауіп деңгейіне қарай жіктеу сияқты мәселелер қарастырылған.
Спикердің айтуынша, елде бағдарлама жасаушылардың жауапкершілігі заңмен бекітілген. Жеке деректерді қорғау, азаматтардың электрондық пошта мекенжайы, телефон нөмірі секілді деректерін енгізу кезінде құпиялылықты сақтау да көзделген. Осыған байланысты бірқатар нормативтік-құқықтық актілерге, атап айтқанда ақпараттандыру мен халықтың жеке деректерін қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізілді.
Сарапшылардың айтуынша, ұлттық платформаның негізгі элементі – инфрақұрылым, яғни техникалық база. Оның «жүрегі» елге белгілі суперкомпьютер болмақ. Бұл инфрақұрылымға 24/7 режимінде қолжетімді бұлтты сервистер, білім беру ұйымдарына арналған қорғалған арналар кіреді. Бұл бөгде тұлғалардың заңсыз кіруіне жол бермейді.
Ұлттық платформаны қашықтан оқыту жүйелерімен және оқушылардың электронды күнделіктерімен біріктіру мәселесі де өзекті болып отыр. Осы арқылы оқушының үлгерімі мен жетістігі туралы ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі пайда болады.
Оның айтуынша, түрлі платформалар да дамып келеді: мәтін оқу, автоматты аударма, дыбыстау, сөйлеуді тану сияқты функциялар бар.
ЖИ негізінде құрылған білім беру кейстері де бар. Мысалы, шынайы ұстаздың тәжірибесі мен оқу материалдарына сүйене отырып әзірленген виртуалды «ақылды репетитор» жасалған.
БОЛАШАҚ ЖӘНЕ СЫН-ҚАТЕРЛЕР
Конференцияда әр оқушының білім деңгейіне бейімделетін жүйелер туралы да айтылды. Адамдар материалды қабылдау жылдамдығы мен тереңдігі жағынан әртүрлі. Сондықтан оқыту әдістері де түрліше болуы тиіс. ЖИ көмегімен әр адам өзіне сай жеке оқу курсын таңдай алады. Мәселен, ағылшын тілін үйренуде бұл өте тиімді.
Тағы бір ерекше сервис ретінде қарапайым мәтіндік сұрау арқылы күрделі бейнеролик жасауға мүмкіндік беретін құрал туралы сөз болды. Мысалы, кадрда Абай шығып, нақыл сөз айта алады.
Самир Керимов ЖИ қолданудың оң тұстарымен бірге өзіне тән қиындықтары да бар екенін айтты.
Сөз соңында спикер ЖИ мүмкіндіктерін пайдалану арқылы қандай мақсат көзделіп отырғанын түйіндеді.
ЖИ-ді қолданудағы құқықтық және этикалық мәселелер де өзекті. Алайда бұл – бөлек әңгіменің арқауы.
Таир Сапаргалиев