ШҚО-да жасанды интеллекттің мәдениет пен өнер саласындағы рөлі талқыланды
Өскемен қаласында «Мәдениет және өнер мекемелерінің қызметіндегі жасанды интеллект» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шара Оралхан Бөкей атындағы Орталық қалалық кітапхана базасында ұйымдастырылды. Конференцияны өткізуге ШҚО мәдениет басқармасы, Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және облыстық кітапханашылар қауымдастығы ұйытқы болды.
Конференция аясында Қазақстан, Беларусь және Ресей елдерінің жетекші мамандары қатысып, кітапхана, музей, мәдени орталық және креативті кеңістіктер өкілдеріне жасанды интеллектті (ЖИ) күнделікті жұмысқа енгізудің жолдары мен нақты құралдарын үйретеді.
Кітапхана директоры Хабиба Ақжігітованың айтуынша, бұл – мәдениет саласындағы болашақтың ең өзекті тақырыбы.
Конференцияға қатысушыларға ШҚО мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов та үн қатты.
Басты спикер ретінде Ресей Ғылым академиясы Қоғамдық ғылымдар жөніндегі ғылыми-ақпарат институтының аға ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Вадим Степанов сөз сөйледі. Ол «Жасанды интеллекттің эволюциясы: идеядан ойлайтын модельдерге дейін» атты шеберлік лекциясын өткізді.
Конференцияның теориялық бөлімінде келесі тақырыптар қамтылады: Қазақстанның ұлттық AI-платформасы және IrbisGPT жобасы, ЖИ эволюциясы және ойлай алатын модельдер, жасанды интеллектті мәдени-ағартушылық қызметке енгізу, нейрожелілердің ғылым, мәдениет, білім саласындағы рөлі, жасанды нейрондық желілердің жұмыс принциптері.
Ал практикалық бөлім нағыз жаңашыл тәжірибелерге толы болады. Олар: кітаптарды компьютерлік көру арқылы каталогтау, мәдени мұра нысандарын 3D-сканерлеу, нейрожелілер арқылы музыка, костюм, визуалды эффект жасау, интеллектуалды чат-боттарды баптау, иллюстрация, аудио және видео өнімдерді ЖИ арқылы жетілдіру, медиа-контент жасауға арналған арнайы тренингтер.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл конференция Шығыс Қазақстан мәдениет саласының жаңа кезеңге аяқ басуының бастауы болмақ. Жасанды интеллект – енді болашақ емес, мәдениет қызметкерлерінің күнделікті құралдарының біріне айналғалы отыр.
Тайыр Сапарғалиев,
Фото және видео: Евгений Щетников




