Катонқарағайда дене шынықтыру-сауықтыру кешені жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілмек
Катонқарағай ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бүгінде нысандағы негізгі жұмыстардың 90 пайызы аяқталып, соңғы әрлеу және сыртқы алаңдарды абаттандыру шаралары атқарылуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда кешен аумағында 80 шаршы метр брусчатка төсеу, волейбол алаңына тор орнату, воркаут пен футбол алаңдарына жабын төсеу жұмыстары қалды. Бұған дейінгі мердігермен келісімшарт тоқтатылғаннан кейін, құрылысты «СтройДомСервис» ЖШС жалғастыруда. Қосымша қаражат тартпай, бекітілген сметалық шеңберде жұмыстар қайта жанданды.
Жергілікті атқарушы органдардың үйлестіруімен мердігер ұйыммен тұрақты жұмыс жүргізілуде. Құрылыс барысы аудан әкімдігі мен тиісті бөлімдер тарапынан үнемі бақылауда. Мектеп оқушылары мен ауыл жастарының салауатты өмір салтын қалыптастыруы үшін маңызды саналатын бұл нысан жаңа оқу жылының басына дейін толық аяқталып, қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Аудан әкімі Данияр Дүйсембаевтың айтуынша, жалпы құны 45 миллион теңге болатын жобаға 35 миллион теңге – республикалық және жергілікті бюджеттен, ал 10 миллион теңге — жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен бағытталған.
Кешеннің іске қосылуы ауылдық елді мекендердегі спорттық инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ бұқаралық спортты және салауатты өмір салтын ілгерілетуге тың серпін бермек.

