Роман Скляр: Президент тапсырмалары қатаң бақылауда
Астана қаласындағы Үкімет үйінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
Ол Мемлекет басшысының тапсырмаларының өнеркәсіп, энергетика және көлік салаларында, нақты секторды дамыту бағытында қалай жүзеге асып жатқанын баяндады. Оның айтуынша, «Президенттің барлық тапсырмалары қатаң бақылауда».
Атап айтқанда, Роман Скляр елімізде авиациялық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті – аэрохабтар дамытылып, цифрлық шешімдер енгізілуде, кедендік рәсімдер жеңілдетілуде, сондай-ақ Зайсан, Катонқарағай мен Кендірліде жаңа әуежайлардың құрылысы басталған.
Теміржол саласында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі кезде «Достық – Мойынты» және «Алматы қаласының айналма теміржолы» жобалары аяқталуға жақын. Келесі жылы «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал» желілері пайдалануға беріледі. Ал «Бақты – Аягөз» теміржол бағыты 2027 жылы іске қосылады деп жоспарланған.
Автожол саласында 12 мың шақырым жолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде 7 мың шақырымы биыл толық реконструкциядан өтпек.
Энергетика саласында 2025 жылдың алғашқы жартысында 62,2 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілді – бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,3 пайызға көп. Алдағы екі жылда, 2028 жылға дейін елде қуаты шамамен 6700 МВт болатын жаңа генерация іске қосылады, оның 620 МВт-ы дәстүрлі және баламалы энергия көздерінен өндіріледі деп жоспарланған.
Өнеркәсіпте де оң динамика байқалады. 2025 жылдың алғашқы алты айында өндіріс көлемі 28,9 трлн теңгеге жетіп, 6,5 пайызға артты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 13,7 трлн теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға жоғары. Өңдеу секторының жалпы ішкі өнімдегі үлесі – 12,4 пайыз.
Машина жасау саласында өсім – 11,1 пайыз, химия өнеркәсібінде – 7 пайыз, құрылыс материалдарын өндіру – 8,6 пайыз, ал азық-түлік өндірісінде – 10 пайызға жетті.
Осы жылдың соңына дейін жалпы құны шамамен 1,5 трлн теңге болатын 190 жаңа өндіріс іске қосылмақ.
Тұрғын үй құрылысы бойынша да рекордтық көрсеткіш күтілуде – жыл соңына дейін 19,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жылдың алғашқы жартысында 7,9 миллион шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді.
Журналистер тұрғын үй бағасының өсуі және келер жылдан бастап құрылыс компанияларына ҚҚС бойынша жеңілдіктердің жойылуына байланысты сұрақтар қойды. Бұл ретте Роман Скляр тұрғын үй бағасы нарықтық жолмен қалыптасып отырғанын айтып, қазіргі кезде қандай да бір күрт өсім байқалмайтынын жеткізді.
Сонымен қатар журналистер теңге бағамының әлсіреуіне қатысты мәселе көтерді. Роман Скляр бұл мәселенің Ұлттық банктің құзырында екенін атап өтті. Дегенмен, ол және оның әріптестері жағдай тұрақталып, теңге бағамы қайта нығаяды деген сенім білдірді.
Андрей Дудник
Фото автордікі

