Сақтықта қорлық жоқ: биыл Өскеменде 7 бала терезеден құлаған
depositphotos.com
Өскемен қаласында биыл балалардың терезеден құлау деректері жиілеп кетті. Өкінішке қарай, олардың үшеуі баланың қазасына әкелген. Осыған байланысты қалалық прокуратура тұрғындарды пәтерлерде қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Прокуратура мәліметінше, 2024 жылы мұндай төрт жағдай тіркелсе, 2025 жылдың осы кезеңіне дейін олардың саны жетіге жеткен.
— Бұл оқиғалардың барлығында ұқсас жайттар байқалады: ашық терезе, «қорғау құралы» ретінде қабылданатын, бірақ шын мәнінде қауіп төндіретін москит торы және ересектердің бір сәтке баладан көз жазып қалуы. Балалар өте белсенді әрі қызығушылығы жоғары. Бір ғана сәт – орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Ашық терезе – баланың өміріне төнетін үлкен қауіп. Ал москит торы – қорған емес, керісінше өлімге апаратын тұзақ. Қайғылы жағдай орын алмас үшін дәл қазір үйдегі терезелердің қауіпсіздігін тексеріңіздер. Терезе алдындағы жиһазды алып тастаңыздар, арнайы балаларға арналған құлыптау құрылғыларын орнатыңыздар. Ең бастысы – баланы ашық терезесі бар бөлмеде жалғыз қалдырмаңыздар, тіпті бір минутқа да, – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Сондай-ақ прокуратура баланың қауіпсіздігі үшін ата-аналар заң алдында жауапты екенін еске салды.
Елизавета Седых
Оқи отырыңыз