Алтай қаласында «Мерген» бейнебақылау камералары орнатылды
Шығыс Қазақстан облысында қоғамдық және жол бейнебақылау жүйесін кеңейту және жаңғырту жобасы аясында Алтай қаласында 277 бейнебақылау камерасы мен 17 «Мерген» аппараттық-бағдарламалық жүйесін орнату жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Жұмысты жүргізген компания алдағы уақытта барлық орнатылған бейнебақылау жүйесіне техникалық қызмет көрсететін болады.
Қазіргі «Мерген» кешендері кеңейтілген функционалдылыққа ие. Кешеннің камералары болып жатқан оқиғалардың барлық бөлшектері анық көрінетін жоғары сапалы түрлі-түсті кескіндерді береді.
Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қосымша 277 бейнебақылау камерасы орнатылды. Олардың кейбіреулері жасанды интеллект элементтері бар аналитикалық модульдермен жабдықталған. Бұл технологиялар адамдардың бет-әлпетін тануға, күдіктілерді немесе із-түзсіз жоғалған адамдарды анықтауға, ал егер бет-жүзін тану мүмкін болмаса, адамды сыртқы киімінің түсі, сақал-мұрты, көзілдірігінің болуы және басқа да белгілері бойынша анықтауға мүмкіндік береді.
Жобаны жүзеге асыру өңірдегі қоғамдық қауіпсіздік деңгейін және құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін айтарлықтай арттырады.
Фото: Алтай ауданының әкімдігі

