Агросектор: ШҚО-да жыл басынан бері 64 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
ШҚО ӨКҚ
Бүгін Өскемен қаласында өткен баспасөз конференциясында Шығыс Қазақстан облысы Жер қатынастары басқармасының 2025 жылдың 7 айындағы жұмыс қорытындылары жарияланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Басты назар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесіне аударылды. Жыл басынан бері өңірде 64,2 мың гектар жер қайтарылған. Көбіне жалдау мерзімінің аяқталуына және жер пайдаланушылардың өз еркімен бас тартуына байланысты. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2022 жылдан бастап жүргізіліп келеді.
2025 жылдың бірінші жартысында облыс бойынша кәсіпкерлік мақсатта жер сату бойынша 39 аукцион өткізілді. Нәтижесінде, жалпы ауданы 31 гектарды құрайтын 53 жер учаскесі сатылып, бюджетке 45,5 миллион теңге түсті. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 13,9 мың гектар жер 16 конкурс арқылы 101 жер пайдаланушыға берілді.
Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша да жұмыс жүргізілуде. 7 айда басқарма 15 мемлекеттік қызмет көрсетті, оның ішінде жалдау мерзімін ұзарту және іздестіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру секілді қызметтер бар. Құжаттардың толық болмауы немесе өтініштердің құзыретке сай болмауына байланысты 22 өтінішке қызмет көрсетуден бас тартылған.
Жер қойнауын пайдалану бағытында да жұмыс жүріп жатыр. Жыл басынан бері жалпы ауданы 72,5 гектар болатын 11 жер учаскесі бойынша материалдар дайындалып, облыс әкімдігінің 8 қаулысы қабылданды және жалға беру шарттары жасалды.
Облыстық жер комиссиясы 4 отырыс өткізіп, 16 материал қарады. Соның ішінде 15-і бойынша жер пайдалану құқығын беру мақұлданып, 1 өтініш жердің бос болмауына байланысты қанағаттандырылмады.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, жыл соңына дейін бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады және барлық жоспарланған міндеттер уақытында орындалады.