Үлескерлер дауы, балалар спорты және әлеуметтік түйткілдер ШҚО әкімі қабылдауында талқыланды
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бүгін тұрғындармен жеке қабылдау өткізіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Қабылдауға облыстық басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері де қатысты. Тұрғындар негізінен медицина, жолдардың жай-күйі, интернеттің қолжетімділігі және тұрғын үйге қатысты мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Өскемен қаласының тұрғыны Назигүл Шалмұхамбетова Красин көшесінде бой көтеріп жатқан Grand Residence тұрғын үй кешеніне үлескер ретінде қаржы салғанын, бірақ құрылыс мерзімінің ұзарып, қаражатын қайтара алмай жүргенін жеткізді. Белгілі болғандай, құрылыс компаниясы қаражатты заңсыз тартқан. Сот шешімімен жауапқа тартылған кәсіпорын бойынша қала тұрғынына құқықтық тәртіппен әрекет ету жолдары түсіндірілді.
Сондай-ақ, өңірде дәстүрлі садақ ату үйірмесін дамытып жүрген Ажар Төлеуханова Өскеменде балаларға жыл бойы жаттығуға мүмкіндік беретін арнайы зал қажеттігін алға тартты. Осыған орай облыс әкімі ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасына тиісті ғимаратты қарастырып, мәселені шешу жолдарын табуды тапсырды.
Қабылдау барысында өзге де азаматтар көтерген сұрақтар жан-жақты талқыланды. Әкім барлық өтініштің заң аясында қаралатынын және әр мәселенің орындалуы бақылауға алынғанын атап өтті.
Фото: ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі



