ШҚО-да игерілмей жатқан жүз мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті
көрнекілік сурет
Өткен жылы Шығыс өңірінде игерілмей жатқан жүз мың гектар аумақ мемлекет меншігіне өтті. Бұл туралы облыс әкімдігінің отырысында баяндалды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы былтыр 2023 жылдың соңына дейін пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 10 млн гектарды жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырма берген.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысында 100,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Соның ішінде 44,8 мың гектар жерді (44,5%) пайдаланушылар ерікті түрде босатты. 51,7 мың гектар жер (51,4%) жалдау мерзімінің аяқталуыны байланысты қайтадан мемлекет меншігіне өтті. Ал 4,1 мың гектар жер (4,1%) жергілікті атқарушы органдар қабылдаған заңға томпақ шешімдердің күші жойылуына байланысты қайтарылды.
Мемлекет меншігіне қайтарылған тұтас аумақтың 18,5 мың гектары қайта айналымға тартылды. Бұл ретте азаматтарға 15,6 мың гектар, агроқұрылымдарға 2,9 мың гектар жер берілді. Жалпы қайтарылған жердің басым бөлігі жайылым ретінде халықтың пайдасына берілетінін айтқан жөн.
Игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер ғарыштық мониторинг арқылы анықталады. Бүгінге дейін облыс бойынша 760,5 мың гектар аумақтың пайдаланылмай жатқаны белгілі болды.
2023 жылы қала-аудандарды қоса алғанда 120 мың гектар жерді қайтару жоспарға енгізілген. Бүгінде соның 93,3 мың гектары мемлекет меншігіне берілді: 65,8 мың гектар (71%) – жерді пайдаланушылардың ерікті түрде бас тартуына, 21,1 мың гектар (22%) – жалдау мерзімінің аяқталуына, 1,5 мың гектар (2%) – заңға томпақ шешімдердің күші жойылуына байланысты. Сот шешімі бойынша бес мың гектар жер (5%) мәжбүрлі түрде алынды.
Биыл қайтарылған жерлердің 3,9 мың гектары айналымға тартылды: азаматтарға – 3,8 мың гектар, агроқұрылымдарға 0,1 мың гектар жер берілді.
Сондай-ақ биыл 598 учаскенің пайдалану мерзімі аяқталады. Бұл тізім қалалар мен аудандардың жер қатынастары бөліміне жіберіледі, сондағы мамандар жерді мемлекеттік меншікке қайтару немесе мерзімін ұзартуға қатысты шара қолданады.
Айта кетуіміз керек, игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді алып қою бойынша сот практикасы ҚР Жер кодексінің 92-бабына тиісті түзетулер енгізілгеннен кейін жолға қойылды. Анықталған сәттен бастап жерді алып қою мерзімі 2 жылдан 1 жылға қысқарды.