KZ
Өскемен
небольшой снег жел 6 м/с, В
522.38 612.6 6.54

Шығыс Қазақстанның цифрлық жаңғыру кезеңі

10.12.2025, 20:30 92

Шығыс Қазақстан облысында соңғы жылдары интернетке қолжетімділікті кеңейту бағытында бұрын-соңды болмаған қарқын байқалуда. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының аясында өңірдің таулы, жолы қиын, халық саны аз ауылдарына да жоғары жылдамдықты байланыс тартыла бастауы – цифрлық даму саласындағы ең ірі жетістіктердің бірі. Бұрын интернет мүлде болмаған елді-мекендерде қазір мемлекеттік қызметтерді онлайн алу, қашықтан оқыту, электрондық сауда, онлайн медицина және цифрлық платформаларды пайдалану қалыпты құбылысқа айналуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Осыған дейін қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты жою – стратегиялық мақсат ретінде бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түспей келген еді. Биыл бұл бағыт айтарлықтай ілгерілеп, Шығыс Қазақстан цифрлық инфрақұрылымы ең тез дамып жатқан өңірлердің қатарына қосылды. Өңір бойынша интернетке қосылу динамикасы жыл сайын артып келеді. 2022 жылы 17 ауыл тұрақты желіге қосылса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 20 елді мекенге жетті. 2024 жылы тағы 45 ауыл интернетпен қамтылса, 2025 жылдың 20 қарашасына дейін қосымша 28 ауылға интернет жеткізілді. Жыл соңына дейін тағы 27 елді мекенді қосу жоспарланған. Жалпы алғанда, 357 елді мекеннің 246-сы бүгінде интернетке қосылған, бұл – өңір халқының 97,2 пайызы немесе 707 мың адам тұрақты байланыс мүмкіндігіне ие деген сөз. Ал жыл соңына дейін интернетпен қамтылған елді мекендер саны 291-ге дейін өсіп, халықтың 99 пайызы тұрақты желімен қамтылатыны күтілуде.

Шығыс Қазақстанның ең алыс қыраттарында орналасқан ауылдарда интернет мәселесі жылдар бойы шешілмей келгені белгілі. Мәселен, Катонқарағай, Күршім және Марқакөл аудандарындағы таулы аймақтарда әлі де 61 ауыл толыққанды интернетсіз қалып отырған еді. Бұл елді мекендерді байланыспен қамтамасыз ету 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асырылмақ. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, техникалық тексерулер жүргізілуде. Мәслихат шешімімен таратылған бес елді мекенді есептен шығарғаннан кейін интернетке мұқтаж ауылдар саны 66-дан 61-ге дейін қысқарды.

Өңірде цифрлық инфрақұрылымды дамытудың негізгі тетіктерінің бірі – спутниктік технологиялар. 2025 жылы Шығыс Қазақстан аумағында OneWeb спутниктік терминалдарының 30 жиынтығы толық орнатылып, іске қосылды. Бұл жоба ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, ШҚО әкімдігінің, облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының және Jusan Mobile компаниясының әріптестігі арқылы жүзеге асырылды. OneWeb терминалдары секундына 50 мегабитке дейінгі жылдамдық ұсынса, тегін қоғамдық Wi-Fi нүктелері 100 метр радиуста қызмет көрсетеді. Бұл әсіресе кабельдік инфрақұрылым тарту мүмкін емес таулы аумақтар мен халық саны аз ауылдар үшін таптырмас шешім болды.

Бүгінгі таңда OneWeb терминалдары Алтай, Зайсан, Күршім, Марқакөл, Катонқарағай, Глубокое, Тарбағатай, Самар, Ұлан, Үлкен Нарын және Шемонаиха аудандарының ең шалғай елді мекендерінде жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, Восточное, Дородница, Северное, Богатырёво, Александровка, Березовка, Шыршытсу, Қарасай, Қабырғатал, Жіңішкесу, Веселое, Карагужиха, Поперечное, Шұбарқайың, Қайнар, Қыстау-Күршім, Күнгей-Бөкенбай, Теріскей-Бөкенбай, Балықтыбұлақ, Шағанаты, Мойылды, Ақмарал, Рахман қайнары, Өрнек, Сенное, Манат, Сарыөлең, Ахметбұлақ, Жаңаталап және Кандыковка ауылдарында спутниктік интернет толық қолжетімді.

OneWeb-тің келуі ауыл тұрғындарының өміріне түбегейлі өзгеріс алып келді. Алтай ауданындағы Северное ауылында тұратын Марина Бурнашеваның айтуынша, бұрын байланыс жиі үзіліп, интернет әлсіз болғандықтан қарапайым қызметтерге жүгіну қиын еді. Қазір интернет жылдамдығы тұрмысқа да, жұмысқа да жеткілікті. Ал көпбалалы ана Наталья Мальцева балалардың оқуы жеңілдегенін айтады. Бұрын онлайн тапсырмаларды орындау үшін ауыл ішінде интернет ұстайтын жерді іздеп жүретін болса, қазір әр бала өз үйінен тапсырмаларын емін-еркін жібере алады. Ауыл әкімдері де жаңа технологияның стратегиялық маңызын атап өтуде: интернеттің пайда болуы – мемлекеттік қызметтерді аудан орталығына бармай-ақ алуға, қашықтан жұмыс істеуге, ауыл ішінде шағын кәсіпті дамытуға және туристерді тартуға үлкен мүмкіндік.

OneWeb-пен қатар ең алыс нүктелерге Starlink енгізу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Оның нақты мысалы – Марқакөл ауданындағы Шағанаты ауылы. Қазақстанның ең суық әрі ең шеткі ауылдарының бірі саналатын Шағанатыда осы кезге дейін тек мектептің ішіндегі әлсіз Wi-Fi ғана бар еді. Биыл бұл ауылда тұратын 17 отбасының 13-і Starlink жүйесіне қосылып, қалған үйлерге тегін Wi-Fi нүктелері орнатылды. Тұрғындар «енді онлайн қызметтерді алу үшін көрші ауылға бармаймыз» деп қуаныштарын жасырмайды. Шағанаты – цифрлық теңдікті қамтамасыз етудегі маңызды мысалдардың бірі.

Цифрлық инфрақұрылымның тағы бір маңызды бөлігі – антенна-мачталық құрылыстар. 2023–2024 жылдары өңірде 14 АМС салынды. Олар 16 ауылды интернетпен қамтамасыз етуге қабілетті. Алайда кейбір нысандар бойынша мемлекеттік реестрге енгізу мерзімі созылып кеткендіктен, операторлармен келісімдер дер кезінде жасалмаған. Қазір үш АМС толық қосылған, жеті АМС қосылу кезеңінде, үш АМС реестрге енгізілуде, төрт нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Ресми реестрге енгізілген жеті АМС бойынша операторлар желтоқсан айының алғашқы онкүндігінде қосу жұмыстарын толық аяқтауды жоспарлап отыр.

Өскемен қаласының өзінде де цифрландыру қарқыны жоғары. Қазіргі уақытта қалада 36 5G базалық станциясы жұмыс істейді, ал 2025 жылдың соңына дейін олардың саны 62-ге жетеді. Сонымен қатар, «Кар-Тел» және «Freedom» компанияларымен бірлесіп қаланың «ақтаңдақ» аймақтарын жою үшін қос функционалды байланыс тіректерін орнату жоспарда. Облыс орталығындағы тұрғын үйлерге оптикалық талшықты желіні тарту жұмысы да белсенді жүріп жатыр.

Өңірдің маңызды автожолдарын цифрландыру үшін 22 антенна-мачталық құрылғы салу көзделуде. Бұл жоба іске асса, туристік бағыттарда навигация, қауіпсіздік және байланыс сапасы айтарлықтай жақсарады. Сонымен қатар, Қазақтелеком тарапынан жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жоба аясында 186 әлеуметтік нысанды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған, бұл – мектептер, емханалар, мәдениет үйлері және әкімдіктерге арналған аса маңызды инфрақұрылым.

Осы атқарылған жұмыстардың барлығы облыстың цифрлық экожүйесін түбегейлі жаңартып, ауылдық жерлердің өмір сапасын жақсартуға ықпал етіп отыр. Ауыл тұрғындары мемлекеттік қызметтерді онлайн алады, фермерлер нарық бағасын жедел бақылайды, жастар онлайн білім алып, олимпиадаларға қатысады, мұғалімдер мен дәрігерлер цифрлық платформалар арқылы есеп береді, ал кәсіпкерлер тауарын интернет арқылы шығара алады. Бұл тек технологиялық жетістік емес, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берген стратегиялық қадам.

Шығыс Қазақстан өңірі қазір интернетпен қамтудың соңғы кезеңіне жақындап қалды. АМС инфрақұрылымын толықтай іске қосу, тіркеу, қиын тау бөктерлерінде қосымша жабдық орнату сияқты мәселелер кешенді шешімді қажет еткенімен, өңірдің цифрлық болашағы айқын көрініп келеді. OneWeb пен Starlink жүйелерінің қатар енгізілуі, 5G станцияларының көбеюі, жаңа антенна-мачталардың салынуы – Шығыс Қазақстанның цифрлық картасын түбегейлі өзгертіп отыр. Енді таудың ар жағындағы шағын ауылдардың да қаладағыдай мүмкіндіктері бар. Бұл – облыстың бүгінгі күні емес, ертеңгі күнді де анықтайтын тарихи бетбұрыс.



Жайна Сыранова 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу