KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
511 602.72 6.49

Өрт қауіпсіздігі – басты назарда: ШҚО нысандарында 2 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды

5.08.2025, 16:00 281 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстан облысында өрт қауіпсіздігін сақтау мәселесі ерекше назарда. Бұл туралы өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы журналистерге арналған брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Бүгінде тәуекел дәрежесін бағалау критерийлеріне сәйкес, облыс аумағында 17 мыңнан астам бақылауға алынған нысан тіркелген. Соның ішінде 354 нысанға тексеру жүргізіліп, 2179 өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі анықталған. Қауіпсіздік талаптарын сақтамаған нысандардың басшыларына бұзушылықтарды жою мерзімдері көрсетілген нұсқамалар тапсырылды, – деді ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Болат Тоқтарғалиев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, мемлекеттік өрт бақылауы профилактикалық бақылау түрінде жүзеге асырылады. Жоғары тәуекел дәрежесіне жататын нысандар – жылына бір реттен жиі емес, орташа тәуекел дәрежесіне жататындар – екі жылда бір реттен жиі емес мерзіммен тексеріледі.

Жыл сайын 10 желтоқсанға дейін және 10 мамырға дейін уәкілетті органдар бақылау және қадағалау жоспарларын құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы органға жолдайды. Бұл жартыжылдық тізімдер негізінде ҚР Бас прокуратурасы 25 желтоқсанға және 25 мамырға дейін келесі кезеңге арналған жиынтық тізімді www.prokuror.kz сайтында жариялайды.

Тексерудің басталатыны туралы кемінде 30 күн бұрын хабарлама жолданады. Тексеру барысында инспекторлар тексеру парақтарындағы нақты талаптарға сүйенеді. Егер елеулі бұзушылықтар анықталса, нысанның қызметін тоқтату туралы шешім қабылдануы мүмкін.

ШҚО ТЖД мамандары өрт қауіпсіздігіне қатысты келесі ережелерге ерекше мән беру қажеттігін ескертеді: өртті автоматты анықтау және сөндіру жүйелері, түтін шығару, эвакуацияны басқару және хабарландыру жүйелері, эвакуациялық жолдардың ашық және жарамды болуы, алғашқы өрт сөндіру құралдарының жеткілікті көлемде болуы, қызметкерлерді өрт кезінде дұрыс әрекет етуге үйрету, электр қауіпсіздігін сақтау – басты назарда болуы тиіс.

Өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы – тексеруші органдардың ғана емес, әрбір мекеме басшысының, қызметкердің және азаматтың ортақ жауапкершілігі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу