ШҚО: Лагерьлер мен демалыс орындарындағы өрт қауіпсіздігі бақылауда
Фото: Жібек Нұрахмет
Шығыс Қазақстан облысындағы жазғы демалыс маусымында өрт қауіпсіздігін сақтау – басты назарда. Бұл туралы Өскеменде өткен брифинг барысында ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz.
ШҚО білім басқармасының мәліметінше, облыс аумағында 11 балалар сауықтыру лагері тіркелген. Оның ішінде жетеуі – мемлекеттік, төртеуі – жекеменшік. Сонымен қатар өңірде 270 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істейді. Осы лагерьлерде 1200-ден астам қызметкерге нұсқамалар жүргізіліп, профилактикалық тексерулер өткізілді.
Биыл аталған нысандарда өрт оқиғалары тіркелген жоқ.
Нұржан Өміржанов балалардың жазғы демалыс орындары мен сауықтыру лагерлерін ұстауда сақталуға тиіс басты өрт қауіпсіздігі талаптарын атап өтті:
-
Өрт автоматикасы жүйелерінің жарамды күйде болуы және өрт сөндіру құралдарымен (өрт сөндіргіштермен), өрт қалқандарымен толық қамтамасыз етілуі;
-
Өрт дабылы орнатылған ғимараттарда кезекші персоналдың міндетті түрде болуы;
-
Электр сымдарының жарамды жағдайда ұсталуы;
-
Эвакуация жолдарының бос болуы;
-
Орман алқаптарына жақын орналасқан лагерьлерде кемінде 4 метрлік минералданған өртке қарсы жолақтардың болуы.
Төтенше жағдай орын алған жағдайда тұрғындар «112» бірыңғай нөміріне дереу хабарлауы қажет.
ШҚО ТЖД тұрғындарды жазғы маусымда қауіпсіздік шараларын сақтауға, балалардың өмірі мен денсаулығына бейжай қарамауға шақырады.