KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 3 м/с, В
519.61 610.13 6.54

«Ауыл аманаты»: Шығыс Қазақстанда жаңа отандық бренд – қақталған қазы өнімі шығарылуда

27.08.2025, 11:30 223 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстанда ауыл тұрғындары мемлекеттік «Ауыл аманаты» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануда. Соның айқын мысалдарының бірі – Глубокое ауданындағы кәсіпкер Амантай Танкаев. Ол жұбайымен бірге шаруашылығын дамытып қана қоймай, ет өнімдерін өңдейтін шағын цех ашып, қарапайым фермерлік істі заманауи талапқа сай деңгейге көтеріп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

— Біз бұрын тек ет сатумен айналысатынбыз. Бағдарламаның арқасында қазір қақтау жабдығын алып, өндірісті кеңейттік. Қазы, жая, шұжық өнімдерін, сондай-ақ тұшпара, мәнті, вареник сияқты жартылай дайын тағамдарды шығара бастадық. Сұраныс жоғары, адамдардың сенімі мол, өйткені өзіміздің шаруашылығымыз, өзіміз мал өсіріп, сапасына жауап береміз. Шөп шабудан бастап дайын өнімге дейін – бәрі өзіміздікі, – дейді «Танкаев» ЖК басшысы Амантай Танкаев. 

Өткен жылы кәсіпкер 2,5% жылдық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие рәсімдеді. 9 миллион теңге алып, оны қажетті құрал-жабдық алуға жұмсаған. Қазір «Танкаев» ЖК өнімдері тек аудан ішінде ғана емес, Өскемен қаласында да танымал. Кәсіпкердің айтуынша, тұрғындар жартылай дайын тағамдарды шетелге кетерде туған-туыстарына апару үшін де арнайы сатып алады.

— Енді біз вакуумдалған, ұзақ сақталатын өнімдерді ұсына аламыз. Бұл – сапа мен сервистің жаңа деңгейі. Жұмыс орындарын ашып, өндірісті кеңейтуді жоспарлап отырмыз, — дейді ол.

Отбасылық бизнестің дамуына кәсіпкердің жары Эльмира Жұмабаева да үлкен үлес қосып келеді. Декреттік демалыста болса да, ол жолдасына қолдау көрсетіп жүр.

— Өзіне ұнайтын өнімді арнайы технологиямен отандық тауар ретінде шығар — оның арманы еді, — дейді Эльмира. — Қазір бізде тұрақты тапсырыс берушілер бар, күніне шамамен 50 қақталған қазыға тапсырыс түседі. Адамдар табиғи, дәмді, еш қоспасыз үй өнімдерін қалайды. Қазы, тұшпара, мәнті – бәріне сұраныс көп. Өскемен бойынша жеткізу қызметін де жолға қойдық.

Бүгінде Танкаевтар отбасы мемлекет қолдауы болмаса, мұндай жобаны жүзеге асыру әлдеқайда қиын болар еді деп отыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарына мал шаруашылығын дамытып қана қоймай, жаңа өндірістер ашуға, жұмыс орындарын құруға және нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде.

— Күмәнданатындарға айтарым – тәуекел етіп көру керек, — дейді Амантай Танкаев. — Мемлекет мүмкіндік береді, ал ары қарай бәрі еңбек пен ниетке байланысты.

Биыл бұл бағдарлама аясында тағы сегіз тұрғын өз кәсібін ашты. Екеуі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрса, төртеуі жеке кәсіпкерлік ашқан. «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша сенім білдірілген агент болып табылатын «Ертіс» ӘКК» АҚ баспасөз қызметі жыл соңына дейін бағдарламаның жалғасын қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу