KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
519.61 610.13 6.54

ШҚО, Өскемен: Арматурный тұрғындарын қала әкімі тыңдап қайтты

5.09.2025, 19:50 193 Ержан Әбіш

Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов Арматурный шағын ауданына барып, тұрғындармен кездесті. Жүздесуде мектептің жоқтығы, қаңғыбас иттер, жолдардың сапасы, жарықтандыру мен қоғамдық көлік қатынасы сынды өткір мәселелер көтерілді, деп хабарлайды Altainews.kz.

Кездесу «Дария» балабақшасында өтті. Тұрғындар әкімнің алдына бірінші кезекте мектеп тапшылығын шығарды. Қазір Арматурныйдағы 200-ден астам оқушы қаладағы 20 түрлі мектепке қатынап оқуға мәжбүр.

– Балалардың баратын жері жоқ, мектеп салу қажет, – деді тұрғындардың бірі.

Әкімнің айтуынша, бірнеше жыл бұрын мектеп құрылысына қатысты шешім қабылдау құқығы жергілікті әкімдіктен алынып, білім басқармасына берілген.

– Өз тарапымнан басқармаға қолдау білдіремін. Бұл шағын ауданға мектеп керек екені анық. Уәде бере алмаймын, бірақ бұл бағытта жұмыс істеймін, – деді Алмат Ақышов.

Айта кетерлігі, мектепке арналған жер телімі бар, ол «Дария» балабақшасының жанында орналасқан. Негізгі түйткіл – қаржыландыру көзі мен жобаны жүзеге асыру тетігі.

Кездесуде тағы бір жиі көтерілетін мәселе – қаңғыбас иттер жайы қозғалды.

– Бұл барлық кездесуде айтылатын жалғыз мәселе шығар. Иттерді атуға тыйым салынған, ал арнайы орын жоқ. Мектептің өзі жетіспей отырғанда иттерге панахана салу қисынсыздау, – деді қала әкімі.

Оның айтуынша, жағдайды кейбір тұрғындардың саяжайдағы иттерін суық түскенде қараусыз қалдыруы ушықтырады. Осыған байланысты полицияға жеке секторда үй жануарларын ұстау ережелерін қатаң қадағалау тапсырылды.

Тұрғындар жолдардың шұрық-тесік күйіне де шағымданды. Әкімнің айтуынша, биыл алғаш рет күзгі жөндеу жұмыстары басталған, оған қаржы қарастырылып, Арматурный да жоспарға енгізіледі.

Көлік қатынасы да назардан тыс қалған жоқ. Халық 2023 жылы жолаушылар аз болғандықтан жабылған №229 автобус бағытын қайта ашуды және мектеп автобусының қозғалыс аясын кеңейтуді сұрады. Қазір автобус тек №19 мектепке дейін қатынайды, ал бір бөлігі оқитын №23 мектепке қатынау қиындау. Бұл ұсыныс әкімнің бақылауына алынды.

Сондай-ақ жарықтандыру мәселесі қозғалды. Алмат Ақышовтың айтуынша, қалада көше шамдары кезең-кезеңімен орнатылып жатыр.

– Барлық ауданға қаржы бөлінеді, ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Әлеуметтік нысандар бұл маңда аз болғандықтан, жарықтандыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік бар, – деді ол.

Кездесу соңында қала басшысы тұрғындарды жеке қабылдап, жеке өтініш-тілектерін тыңдады.

 Елизавета Седых

Видео: Жалғас Сақадиев
Фото: Александр Шушеньков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу