Қазақстандық тауарлар Қытай нарығына шыға бастады
Қытайдың Тяньцзинь қаласында QazTrade-тың жаңа кеңсесі – Kazakhstan Hall ашылды. Ол қазақстандық тауарларды ілгерілету алаңы әрі еліміздің бизнесін Қытайда ресми таныстыратын өкілдік болмақ. Экспозицияда басымдық азық-түлік өнімдеріне берілген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тяньцзиньдегі Халықаралық сауда және кеме қатынасы сервис орталығы аумағында 100 шаршы метрлік көрме залы жұмысын бастады. Мұнда азық-түліктен бастап халық тұтынатын түрлі тауарларға дейінгі қазақстандық өнімдердің тұрақты экспозициясы орналасады. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, жоба отандық өндірушілер мен экспорттаушыларға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, әлемдегі ең ірі нарықтардың біріне жол ашады.
Бұл бастама - 2025 жылғы маусымда Астанада қол жеткізілген келісімдердің нәтижесі. Сол кезде QazExportPromotion корпоративтік қоры қытайлық Silvery Dragon Group Technology and Trade Co., Ltd. компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған. Тараптар қазақстандық тауарларды ілгерілету мен өзара сауданы дамытуға уағдаласқан еді.
Қазіргі таңда Kazakhstan Hall тестілік режимде жұмыс істеп тұр. Экспозиция толықтырылып, QazTrade өкілдігін тіркеуге қажетті құжаттар рәсімделуде. Ресми ашылуы биылғы күзге жоспарланған.
Сауда министрлігінің деректеріне сүйенсек, Қазақстан мен Тяньцзинь арасындағы тауар айналымы тұрақты өсім көрсетуде. 2023 жылы ол 347,9 млн АҚШ долларын құраса, 2024 жылы 474,0 млн долларға жеткен. Өсім экспорт көлемінің артуымен және логистикалық мүмкіндіктердің кеңеюімен байланысты.
Тяньцзинь – Шанхай ынтымақтастық ұйымы жүйесінде маңызды орынға ие. Бұл Қытайдың ең ірі порттарының бірі. Ол Азия – Еуропа бағытындағы мультимодальды маршруттарды, инвестициялық және қаржылық қызметтерді ұсынатын кешенді көлік тораптарының бірі саналады. Қазақстан үшін бұл тауарларды жедел жеткізу, цифрлық сауданы дамыту және экспорттық әлеуетті кеңейту деген сөз.
Өңірлік өндірушілер үшін де Kazakhstan Hall жаңа мүмкіндіктер береді. Әсіресе Шығыс Қазақстанның аграршылары, қайта өңдеу кәсіпорындары мен өнеркәсіптік компаниялары Қытай нарығына тікелей шығу арнасына ие болады. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдері мен экологиялық таза тауарлар үшін өзекті, себебі қытайлық тұтынушылар оларды жоғары бағалайды.
Тяньцзиньдегі жоба пилоттық болмақ. Егер ол сәтті жүзеге асса, мұндай өкілдіктерді Қытайдың басқа да қалаларында ашу жоспарланып отыр.
Дамир Омаров
Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі