Еліміздің Азық-түлік корпорациясы Қытайдағы астық жәрмеңкесіне қатысты
Қазақстан атынан Қытайда өткен халықаралық астық сауда жәрмеңкесіне (China Grain Trade Conference) «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Шэньян қаласында өткен бұл жәрмеңке агроазық-түлік саласындағы ең ауқымды алаңдардың бірі болды. Оған Қытай мен басқа да елдердің 2000-нан астам өкілі: ірі астық компаниялары, логистикалық операторлар, ғылыми орталықтар және қаржы ұйымдары қатысты.
Көрме-жәрмеңкеде қазақстандық тарап бидай, арпа, бұршақ және майлы дақылдар сияқты негізгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін таныстырды. Әсіресе Қытайға тікелей астық жеткізу бағытына ерекше назар аударылды. Бұл – отандық өнім үшін стратегиялық маңызы бар нарықтардың бірі.
Форум аясында Қытайдың импорттаушы компанияларымен, салалық қауымдастықтармен және кәсіби трейдерлермен келіссөздер жүргізілді. Ынтымақтастық, логистика және сертификаттау мәселелері нақты, іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған форматта талқыланды. Мақсат – өзара сауда көлемін ұлғайтып, әкімшілік кедергілерді азайту.
Қазақстандық делегация өкілдерінің айтуынша, China Grain Trade Conference – бұл тек экспорт терезесі ғана емес, сонымен қатар агроазық-түлік саласындағы жаһандық үрдістерді бағамдайтын «барометр» саналады. Форум қатысушылары астық өңдеу технологиясындағы соңғы жетістіктермен, ауыл шаруашылығы техникасын жаңғырту бағыттарымен, сондай-ақ тамақ өнеркәсібіне арналған инновациялық жабдықтармен танысты.
Қытай нарығында қазақстандық астықты ілгерілетуде корпорацияның Бейжіңдегі ресми өкілдігі маңызды рөл атқарады. Бұл кеңсе отандық агроэкспорттаушылар үшін жол көрсетуші қызметін атқарады: байланыс орнатуға, тарату арналары мен сауда мүмкіндіктерін табуға көмектеседі, сондай-ақ біртұтас бренд аясында өнімді ілгерілетуді жүзеге асырады. Мұндай қолдау инфрақұрылымы өз тиімділігін дәлелдеген – аталған өкілдіктің көмегімен бұған дейін Қытай компанияларына мал азығына арналған ұн мен күнбағыс майы жеткізілген болатын.
China Grain Trade Conference жәрмеңкесін ұйымдастырушылар қатарында Қытайдың халықаралық саудаға жәрдемдесу кеңесінің астық комитеті және ҚХР Мемлекеттік азық-түлік және стратегиялық қорлар басқармасының астық саудасы жөніндегі ұлттық орталығы бар. Ал қосалқы ұйымдастырушы – Қытайдың ауыл шаруашылығы саласындағы халықаралық алмасу қауымдастығы.
Қазақстанның мұндай беделді алаңға шығуы – тек экспорттық әлеуетті көрсету ғана емес, сонымен қатар еліміздің сенімді және сапалы астық жеткізуші ретіндегі имиджін нығайту жолындағы маңызды қадам.
Дамир Омаров
Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

