Қытай-Еуразия көрмесі: Ең үлкен павильон біздің еліміздікі
VIII Қытай-Еуразия Экспо көрмесіне 42 қазақстандық компания қатысады. Еліміздің павильоны халықаралық көрмедегі ең үлкен павильон болмақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Үрімші қаласында ертең ашылатын көрме 30 маусымға дейін жұмыс істейді. Көрме биыл «Жібек жолының жаңа мүмкіндіктері, Азия мен Еуропаның жаңа өмірлік күші» деген ұранмен өтеді.
70 мың шаршы метр аумақта үш негізгі көрме аймағы ашылады: Біріншісі – инвестициялық ынтымақтастық, екіншісі – импорттық тауарлар мен тауар өнімдері. Үшіншісі алты бағытты қамтиды : энергетика, ақылды өмір, мәдениет және туризм, цифрландыру және жоғары технологиялар, ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түлік, тоқыма және киім.
Импорттық тауарлардың көрме аймағында импорттық ауыл шаруашылығы өнімдері мен тағамдары, сусындар, денсаулықты сақтауға арналған өнімдер, тоқыма бұйымдары, киім-кешек, тұрмыстық химия тауарлары, ана мен балаға арналған тауарлар, үй тауарлары, электрондық тауарлар, көркем бұйымдар ұсынылады.
QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының ақпараты бойынша, ЭКСПО қонақтары арасында біздің еліміздің павильоны – ең үлкені. Қазақстан павильоны 260 шаршы метр аумақты алады.