Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмек заңсыз тағайындалған
depositphotos.com
Түркістан облысының прокуратурасы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау барысында заңсыз әрекеттерге жол берілгенін анықтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жетісай ауданында жергілікті комиссия «отбасы атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж емес» деген қорытынды бергеніне қарамастан, 18 отбасыға жалпы сомасы 3,1 млн теңге негізсіз төленген.
Ал Сарыағаш ауданының Қапланбек ауылдық округінде учаскелік комиссия хатшысы мен ауылдық округ әкімінің орынбасары комиссия мүшелерінің атынан жалған қол қойып, 56 өтініш бойынша жалған қорытындылар рәсімдеген. Соның салдарынан 9,7 млн теңге мемлекет қаржысы мақсатсыз жұмсалған.
Аталған фактілер прокуратураның АӘК тағайындау барысына жүргізген талдауында белгілі болды. Осыған байланысты қаражатты қайтару және кінәлі тұлғаларды тәртіптік жауапқа тарту жөнінде прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Қазіргі таңда ол қаралу сатысында.