Металлургиялық өндіріске жасанды интеллект енгізу басталды
Фото: gov.kz
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен кеңес қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіпке жасанды интеллект элементтерін енгізу жөніндегі тапсырма аясында ауқымды жобалар қолға алынуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Қазір ERG құрамындағы «ТНК «Қазхром» АҚ – Ақсу ферроқорытпа зауытында жасанды интеллект құралдарын қолданыстағы балқыту пешін басқару жүйесіне біріктіру жобасы басталды. Пилоттық режимдегі жоба №64 кен термиялық пештің негізінде іске асырылуда.
Бірінші кезеңде соңғы үш айдың өндірістік деректері жиналып, Big Data талдауы жүргізілді. Сарапшылардың айтуынша, алынған мәліметтер жасанды интеллекттің ұсыныстық моделін құруға мүмкіндік береді. Бұл технология өндірістік үдерісті тұрақтандырып, өнімділікті арттыруға, апаттардың алдын алуға және шығындарды азайтуға септігін тигізбек.
Жыл басында ERG құрамында ҒЗИО, BTS (ІТ еншілес компания), «Қазхром» және металлургия департаменті мамандарынан құралған команда жасақталған. Жоба шетелдік тәжірибесі бар технологиялық компаниямен бірлесіп жүзеге асырылып келеді.
Жоспарға сәйкес, технологиялық процесті басқару үшін 10 түрлі жасанды интеллект модульдері енгізіледі. Мәселен, электродтардың сынуын алдын ала болжайтын модуль жабдықтың босқа тұрып қалуын айтарлықтай азайтып, шығынды төмендетеді.
Келесі кезеңде №64 пештің жұмысын басқаруға арналған цифрлық модульдер әзірленіп, қолданыстағы автоматтандырылған басқару жүйесіне біріктіріледі. Егер пилоттық жоба оң нәтиже берсе, тәжірибе басқа пештерге де енгізілмек.