«Еңбек адамы – 2025»: Өскеменде жұмысшы мамандықтар өкілдері марапатталды
Өскеменде «Еңбек адамы – 2025» республикалық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Шара Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл байқау Қазақстан Халық партиясының бастамасымен Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өткізілді. Оның басты мақсаты – еңбекті қоғамдағы ең маңызды құндылық ретінде дәріптеу, жұмысшы мамандық иелерінің еңбегін бағалау және еңбек адамына құрмет мәдениетін қалыптастыру.
Марапаттар жұмысшы мамандықтарына өмірін арнағандарға деген құрмет пен мақтаныштың нышаны ретінде табысталды. Мәселен, бу турбиналарын апатсыз пайдалану және жоғары кәсібилігі үшін Медет Қанапинов марапатталды, әрлеу шебері Галина Плотникова ерекше атап өтілді, «Үздік энергетик» номинациясында Татьяна Ермак жеңімпаз атанды, ал «Инженерлік коммуникациялар шебері» атағы Әсет Әбіловке бұйырды. Жылдың үздік инженері болып инженерлік-жобалау қызметінің маманы Михаил Осадчий танылды. Сондай-ақ, ісіне адалдығы және жоғары тамақтану мәдениеті үшін Наталья Дралова, «Шеберлік ұшқыны» номинациясында Денис Савинов марапатталды.
Марапаттау рәсімі еліміздің түкпір-түкпірінен келген жұмысшы мамандықтарының үздік өкілдерін бір арнаға тоғыстырды. Әртүрлі номинация жеңімпаздары медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Дмитрий Чжан
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Жәнібек Ырысбай









