KZ
Өскемен
-5°
небольшой снег жел 6 м/с, ОШ
519.28 540.05 5.31

Риддерде «Жұмысшы мамандықтар жылы» салтанатты түрде ашылды (видео)

Бүгін, 10:10 154 Төлеуғазы Жансая

Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Қазақстандағы өндіріс пен металлургияның маңызды орталықтарының бірі – Риддер қаласында осы жылдың салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлін арттыру және өндіріс саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылған бұл шара қала тұрғындары үшін ерекше маңызға ие болды. Риддер қаласы әкімінің орынбасары Қаныбек Төлеуханов жұмысшы мамандықтарының ел экономикасындағы маңызын атап өтті.

– Жұмысшы мамандықтары – экономиканың тірегі. Өндірістегі әрбір еңбек адамы ел дамуына ерекше үлес қосуда. Біз жас ұрпақтың осы салаға қызығушылығын арттыру үшін түрлі бастамаларды қолға алудамыз. Бүгінгі шара – соның бір дәлелі, – деді ол.

Салтанатты жиында түрлі сала мамандары марапатталды. Металлургия, орман шаруашылығы, жылу энергетикасы және басқа да өндіріс орындарында еңбек етіп жүрген азаматтарға арнайы алғыс хаттар табысталды.

Марапатқа ие болғандар:

  • Сейітқали Алмас Советқалиұлы – Риддер қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі.
  • Устинович Елизавета – «Водоканал» ШЖҚ-ғы КМК ағынды суларды тазарту құрылыстарының операторы.
  • Задонцев Виктор – «Эталон» ЖШС жүргізушісі.
  • Манвайлер Галина – «Казцинк» ЖШС Шығыс Қазақстан тау-кен байыту кешенінің Риддер-Сокольный кенішінің жобалау-конструкторлық қызметінің бастығы.
  • Валуйских Игорь – «Л-ТВК» ЖШС электр және газбен дәнекерлеушісі.
  • Ногосбаев Фарид – ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Риддер қаласындағы Журавлиха орманшылығының басшысы.
  • Акстютич Борис – «Риддер қаласының Шығыс жылу» ЖШС турбиналық цехының ауысым бастығы.
  • Жуков Сергей – Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Пихтовский орман шаруашылығы Бутаковский орманшылығының орманшысы.

Салтанатты рәсімде Алмас Сейітқали сөз сөйлеп, бұл бастаманың жастарға үлгі болатынын атап өтті.

– Біздің жұмыс үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Осындай шаралар арқылы жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттыруға болады. Өйткені елдің дамуы – адал еңбектің арқасында жүзеге асады, – деді ол.

Шара барысында Риддер қаласының өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Шығыс Қазақстан облысының «Туған жер – алтын бесігім – 2024» жобасының жеңімпазы атанған жергілікті өнер ұжымдары көрермендерге рухани кеш сыйлады. Олардың орындауындағы патриоттық әндер шараның мәні мен маңызын арттыра түсті.

Қала әкімдігі алдағы уақытта жұмысшы мамандықтарын дәріптейтін түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, жастарды техникалық және кәсіптік білім алуға ынталандыруға басымдық беретінін мәлімдеді. Риддер қаласында өткен бұл шара жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеріп қана қоймай, жас буынға болашақ кәсібін таңдауға ой салған игі бастама болды.

Қуаныш Рахметоллаұлы
Фото/видео: Данияр Сағидолдин

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу