ШҚО-да әскери тәрбиешілер тәжірибе алмасып, кәсіби шеберліктерін шыңдады
Өскеменде Шығыс өңірлік қолбасшылығының тәрбиешілері үшін маңызды оқиға – Ұлттық ұлан офицер-тәрбиешілерінің оқу-әдістемелік жиыны ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі “Шығыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үш күнге созылған басқосуға Павлодар, Курчатов және Семей қалаларынан келген 18-ден астам офицер жиналды. Олар үшін бұл жиын тек дәрістер мен жаттығулар ғана емес, тәжірибе алмасу, жаңа идея іздеу және кәсіби шеберлікті шыңдау алаңы болды.
Бағдарлама аясында практикалық сабақтар, дене дайындығы мен арнайы пәндер бойынша сынақтар өткізілді. Ерекше көңіл әскери қызметшілермен тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысты ұйымдастырудың жаңа тәсілдеріне аударылды.
Жиын салтанатты түрде қорытындыланды. Үздік офицер-тәрбиешілер грамоталармен марапатталды. Ал ең бастысы – әрбір қатысушы өз бөлімінде қолдануға болатын жаңа идеялар мен тәжірибелік құралдарды бойына сіңіріп қайтты.




