Өскеменде үш өңірдің әскери тәрбиешілері бас қосты
Өскеменде Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі бөлім бастықтары және батальондар командирлерінің орынбасарларымен оқу-әдістемелік жиын өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, жиынға Павлодар, Семей, Курчатов және Өскемен қаласынан 15 офицер қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – тәрбиелік сипаттағы күнделікті іс-шараларды ұйымдастыруда әдістемелік дағдыларды жетілдіру.
Қатысушылар жеке құрамды тәрбиелеуде жаңа тәсілдерге бет бұрып, өзара пікір алмасу арқылы өзекті мәселелерді егжей-тегжейлі талқылады.
Сондай-ақ тәрбиеші-офицерлер дене дайындығы мен басшылық құжаттардан сынақ тапсырып, байқауға қатысты.
Тәрбиешілердің кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған шараның қорытындысы бойынша үздік тәрбиеші офицерлер мақтау қағаздарымен марапатталды.