Әскери тәртіпті нығайтуға күш салып отыр
Фото: egemen.kz
Ұлттық ұланға қарасты барлық өңірліктегі әскери бөлімдерде тәртіп пен тәрбие – басты назарда.
Әрбір сөз бен іске жауаптылық – кез келген әскери адамның бойында болуға тиіс қабілет. Ал қасиетті дарыту әскердегі ішкі тәртіптің күштілігіне байланысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3477 әскери бөлімінің Дағдарысқа қарсы оқу-жаттығу орталығы базасында өткен Ұлттық ұланының тәрбие құрылымдары офицерлерін практикалық даярлаудың үш күндік жиынында осы мәселелер талқыға салынды. Жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен өңірлік қолбасшылықтар қолбасшыларының, академия бастығы мен әскери бөлімдер мен «Б» арнайы жасақ командирлерінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары қатысуда. Жиынды бастап келген Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, Халық қаһарманы, генерал-майор Қайрат Үмбетов әскердегі жеке құрамның тәрбие жұмысын жаңа деңгейге көтеру үшін бірқатар маңызды мәселелерге баса мән беруге шақырды. Осынау жұмысты бір ізге салу үшін ішкі істер министрінің «Ұлттық ұлан әскерилері бойында жаңа заман талабына сай моральдық, әскери, жауынгерлік қасиеттерді қалыптастыру бойынша тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстарын ұйымдастыру» атты 2023 жылдың 15 мамырындағы №396 бұйрығы аясында алғашқы сабақ нұсқаулық-әдістемелік бағытта өтті. Іс-шараның басты мақсаты – әскерлерде тәрбие жұмысын ұйымдастыру мәселелерін жетілдіру, жеке құрам арасында әскери-құқықтық тәртіпті, сондай-ақ әскери-патриоттық жұмысты нығайту. Бұл ретте әскери қызметшілер арасында моральдық-психологиялық дайындық пен суицидтің алдын алуға, жарғылық емес қарым-қатынастарды жоюға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар әскери тәрбиешілер осы үш күнде жаңа білім алып, жинақталған тәжірибелерімен бөлісті. Ішкі істер министрі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының талаптары аясында әскердегі жаңартылған басшылық тәрбие жұмысы мен басшылық құжаттар талқыланды. Олардың мәні мен мақсаты жеткізілді. Сондай-ақ әскери қызметшілермен қажетті тренингтер мен сабақтар өткізілді, жеке құрамды тәрбиелеу бойынша озық модельдер қаралды. Ерекше көзге түскен офицерлерге марапаттар мен естелік сыйлықтар берілді. Жиынға қатысушылармен барлық іс-шараларды өткізу нәтижесінде құқықтық тәртіп әскерлеріндегі тәрбие жұмысын жақсартуға оң әсер ететін нақты нәтижелер алынады деп күтілуде.