KZ
Өскемен
-20°
туман жел 1 м/с, СШ
506.7 593.14 6.53

«Қайрат» – «Реал» матчы: көлеңкеде келген көкейкесті мәселелер талқылануда

stock-photo

1.10.2025, 14:30 191 Ержан Әбіш

30 қазанда Алматыда өткен Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі екінші тур ойыны қазақстандық футбол тарихында айрықша оқиға болды. «Қайрат» өз алаңында тұңғыш рет әлемнің ең беделді клубтарының бірі – мадридтік «Реалмен» кездесті. Матч аяқталды, 0:5 есебімен есе кетсе де, осы ойын арқасында әлемдік футбол «Қайрат» командасын, Қазақстан елін тани түскеніне халық дән риза.
Ал ойыннан соң матчтың спорттық нәтижесінен бөлек, ұйымдастыру барысы қоғамда үлкен талқылаулар тудырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Матч қорытындысы белгілі – француз шабуылшысы Килиан Мбаппе хет-трик жасап, Эдуардо Камавинга мен Браим Диас бір-бір голдан соғып, «Реал» 0:5 есебімен жеңіске жетті. Бірақ көпшілік үшін нәтиже емес, осындай деңгейдегі ойынның Алматыда өтуінің өзі маңызды тарихи белес саналды.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских өзінің Инстаграмдағы парақшасында бұл ойынды еліміз үшін үлкен жетістік деп атап өтті:

– Чемпиондар лигасына өтіп, «Реал Мадридтің» Алматы қаласына келіп табан тірегені – біздің отандық футбол үшін үлкен жетістік. Сондықтан мен «Қайратқа» ешқандай сын айтпаймын. «Қайраттың» бапкерлеріне, ойыншыларына рақмет, жігіттер өте жақсы ойын көрсетті!

Депутаттың айтуынша, Қазақстан футболының жаңа деңгейге көтерілуінің айқын көрінісі – дәл осы матч. «Қайраттың» басты қарсылас ретінде «Реалды» қабылдауы жас буын спортшыларға да, қалың жанкүйерге де ерекше әсер қалдырды.

Алайда тарихи кездесудің көлеңкелі тұстары да болды. Шиповских ең алдымен билет сату, стадион инфрақұрылымы және қауіпсіздік мәселелерін сынға алды.

– Қаншама азаматтар «Тикетонда» сағаттап, тіпті тәулік бойы кезекте тұрып билет алды. Бірақ солардың біразы матчтың бірінші кезеңі аяқталғанша кіре алмады. Яғни, Алматы қаласының ішкі істер департаменті неге осы мәселені жіті бақыламады?! – дейді сенатор.

Сонымен қатар депутат кей адамдардың қолына бірден 20-30 билет түскені туралы деректерге назар аударып, бұл әділетсіздік көп жанкүйердің ашуын туғызғанын айтты. Интернет-трансляция сапасы да сын көтермеді. Стадионға кіре алмағандар ғаламтор нашарлығы себебінен матчты тікелей эфирден де толық қарап жарытпады. Ойын кезінде жанкүйерлер тарапынан стадион инфрақұрылымына қатысты бірқатар сын-пікірлер айтылды. Әжетханалардың жай-күйі, байланыс сапасының нашарлығы мен орындардың ретсіздігі халықаралық деңгейдегі матчқа сай болмады.

– Неге Алматы қаласындағы спортқа қатысты шенеуніктер алдын ала туризм министрлігімен бірлесе отырып, стадионның жағдайын тексермеді? Әлде тексергенімен, оны жіті бақыламады ма? – деп сауал тастайды депутат Г.Шиповских.

Елімізде соңғы кездері халықаралық жұлдыздардың қатысуымен түрлі мәдени шаралар өткізіліп жүр. Дженнифер Лопес, «БэкСтритБойз» тобы, басқа да әлемдік деңгейдегі әртістер келіп, концерттер ұйымдастырылды. Олардың кейбірі жақсы деңгейде өтті. Бірақ спорттық инфрақұрылым тұрғысынан әлі де олқылықтар бар екені осы жолы анық байқалды.

«Қайрат» пен «Реал» арасындағы матч – қазақ футболы үшін тарихи белес. Алайда ұйымдастыру мәселелері дер кезінде шешілмесе, мұндай жетістіктердің көлеңкесінде сын мен наразылық қалуы мүмкін. Бұл жолғы қателіктер алдағы уақыттағы халықаралық турнирлерді қабылдауда қайталанбас деп сенелік.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу