KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, В
504.6 594.27 6.48

«Қайраттың» тарихи жеңісі: алматылық клуб Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды

Фото: «Қайрат» футбол клубы

27.08.2025, 09:00 342 Әбішев Ержан

Алматылық «Қайрат» футбол клубы Қазақстан футболы тарихындағы айтулы жетістікке қол жеткізді. UEFA Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінде шотландиялық «Селтикпен» өткен тартысты ойында жеңіске жетіп, турнирдің негізгі кезеңіне жолдама алды. Бұл – қазақстандық клуб үшін тарихи жеңіс, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Кездесу барысында «Қайраттың» бірқатар негізгі ойыншылары жасыл алаңға шыға алмады. Дастан Сәтпаев көп жиналған сары қағаздарына байланысты матчтан тыс қалды, ал шабуылшы Эдмилсон жарақатына байланысты қатыспады. Дегенмен жарақатынан айыққан Луиш Мата негізгі құрамда алаңға шықты.

Матч тағдыры пенальти сериясында шешіліп, «Қайрат» мықтылығын дәлелдеп, тарихи жеңісіне қол жеткізді. Осылайша қазақстандық клуб тұңғыш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде бақ сынайды.

Айта кетейік, команда бұған дейінгі іріктеу кезеңдерінде Словенияның «Олимпиясын» (1:1, 2:0), Финляндияның КуПС-ын (0:2, 3:0), Словакияның «Слованын» (1:0, 0:1, пенальтиден 4:3) жарыстан шығарған болатын.

Бұл жеңіс тек жанкүйерлерден ғана емес, билік тарапынан да қолдау тапты. Маңызды футбол матчы қарсаңында Қазақстан Үкіметінің ресми Telegram-арнасы алматылық «Қайрат» клубын қолдау мақсатында аватарын өзгертті. Осы оқиғаға орай Үкіметтің ресми Telegram арнасы өзінің басты суретін жаңартты, «Қайрат» клубының белгісі бар шарф пайда болды. «Қайраттың» Чемпиондар лигасына жолдама алуы – Қазақстан футболының жаңа белесі.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу