Стоматологиялық емхана зейнетақы қорынан аударған қаражатты қалтаға басқан - ШҚО
Облыс тұрғыны емделуге аударған қаражатын толық игермеген клиникадан ақшасын сот арқылы өндіріп алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облыстық соттарының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, стоматологиялық клиникаға талапкер өзінің зейнетақы жинақтарынан 2 000 000 теңге аударған. Алайда клиника көрсеткен имплантация және протездеу қызметтерінің нақты құны небәрі 415 000 теңгені құраған. Қалған 1 585 000 теңге көлеміндегі қаражатты мекеме мамандардың жоқтығын алға тартып, игермеген.
Мекеме сотқа дейінгі өтініштерді ескерусіз қалдырып, қалған қаражатты кері қайтармаған.
Сот медициналық ұйым шарт талаптарын тиісті деңгейде орындамағанын анықтап, жауапкерді 1 585 000 теңгені талапкердің «Отбасы банк» АҚ-тағы арнайы шотына қайтаруға міндеттеді. Бұған қоса, клиникадан 220 411 теңге көлемінде сот шығындары өндірілді.
Шешім заңды күшіне енді.