101 жасар әжені мерекемен құттықтады
Халықаралық қарттар күні ғұмыры ғасырдан асқан Шығыс Қазақстан тұрғыны, тыл ардагері Клавдия Мадонованы облыстық әкімдік арнайы мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгінде Шығыс Қазақстанда 140 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Олардың арасында жасы бір ғасырдан асқан қазыналы қарттар да бар. Солардың бірі – 101 жастағы Клавдия Ивановна Мадонова. Тыл ардагері бүгінде үш бірдей шөбересінің қызығын көріп отыр. Соңынан ерген ұрпақтарына өзі өткен өмір жолымен өнеге, қандай қиындық болмасын тік тұрып, еңсере білген тұлға ретінде темірқазық .
Клавдия Ивановна Шығыс Қазақстан облысындағы Васильевка ауылында дүниеге келген. Өмір бойы егін даласында, колхозда еңбек етіп, үй шаруасын да дөңгелеткен. Қолөнерге, әсіресе тоқымаға әуес болған.
Қарттар күніне орай ардагерді арнайы құттықтауға облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев пен ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова барды.
Әкім орынбасары Клавдия Ивановнаның өнегелі ғұмырын ерекше атап өтіп, аймақ басшысының атынан мерекемен құттықтады.


