KZ
Өскемен
-3°
снег жел 7 м/с, З
512.81 604.19 6.57

Қазақстан ядролық медицинасы: 2028 жылға қарай пациенттер ПЭТ/КТ диагностикасымен 100% қамтылады

2.10.2025, 17:00 199 Айна Бакимбаева

Қазақстанда ядролық медицинаны дамыту онкологиялық қызметті жаңғыртудың басты бағыты болып отыр. 2028 жылға қарай барлық пациенттерді ПЭТ/КТ диагностикасымен 100% қамту, сондай-ақ радионуклидтік терапияға қолжетімділікті кеңейту жоспарланған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Неліктен бұл маңызды? Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек:

  • 2024 жылы 231 мыңнан астам онкопациент динамикалық бақылауда болды;
  • соңғы бес жылда сырқаттанушылық 18%-ға өсті;
  • алғаш рет анықталған жағдайлар саны 39%-ға артты;
  • сонымен қатар өлім көрсеткіші 16,5%-ға төмендеді.

Бұл көрсеткіштер онкология саласында заманауи диагностика мен емдеуді дамыту қажеттігін айқындайды. Денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту үшін арнайы жол картасы жасалды. Оның негізінде жаңа инфрақұрылым құру, заңнаманы жетілдіру, диагностикалық және тераностикалық технологияларды енгізу көзделеді. Сонымен қатар, Ядролық физика институты базасында радиофармпрепараттар өндірісін кеңейту, дәрігерлер мен техникалық мамандарды, яғни, физиктер, химиктер, технологтар даярланады.

Бүгінде елдегі негізгі жүктеме Астана мен Алматыға түседі. Мұнда бар 16 ПЭТ аппаратының 12-сі орналасқан. Бұл науқастарды толық қамтуға жеткіліксіз. 2028 жылға қарай ПЭТ аппараттарының саны 16-дан 27-ге артады. 5 ірі қалада радионуклидтік терапия үшін 100-ден астам арнайы палата ашылады.

Қазір мұндай палата саны 23 болса, қажеттілік – 101. Алдағы үш жылда олардың саны 98-ге артып, пациенттердің 48%-ына дейін қамтуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда елде 5 циклотрон кешені жұмыс істейді. Жақында тағы бір кешен Ядролық физика институты базасында ашылады. Бұл радиофармпрепараттарға қолжетімділікті арттырады.

фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу