Таныстарын “табысты кәсіпке” шақырған алаяқ ұсталды — ШҚО
depositphotos.com
Өскемен полициясы басқармасына облыс тұрғыны танысының «бірлескен бизнес» ашу сылтауымен 8 миллион теңгеден астам ақша алып, айтқан уәдесінде тұрмағанын хабарлаған. Тексеру барысында полицейлер күдіктінің алдын ала дайындалған схема бойынша әрекет еткенін және бірнеше адамды алдағанын анықтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ол таныстарын «мол табыс» әкелетін кәсіпке ақша салуға үгіттеп, біріне «арзан бағада көлік алып беремін», екіншісіне «қарызды сыйақысымен қайтарамын» немесе «пәтер сатып алуға көмектесемін» деп уәде берген.
Осылайша ер адам бірнеше жәбірленушінің ірі көлемдегі ақшалай қаражатын иемденген. Оның қылмыстық әрекеті жалпы сомасы 41 миллион теңгеден асатын шығын келтірген.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қазіргі уақытта оның осыған ұқсас өзге де алаяқтық фактілеріне қатыстылығы тексерілуде.
ШҚО Полиция департаменті азаматтарға ақша қаражатын берер алдында сақ болуға кеңес береді.
– Тіпті ол танысыңыз немесе туысыңыз болса да, кез келген келісімді міндетті түрде құжат түрінде рәсімдеңіздер. «Пайдалы» ұсыныстар мен жеңіл жолмен ақша табуға шақыратын сөздерге сенбеңіздер. Күмән туған жағдайда дереу полицияға жүгіну — қылмыстың алдын алуға көмектеседі, - дейді ішкі істер органы.