KZ
Өскемен
-24°
плотный туман жел 1 м/с, В
514.31 603.03 6.4

Францияның жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп атом саласы үшін кадрлар даярлаудың жаңа тәсілдері

9.10.2025, 17:00 195 Базарова Айгүл

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Төлеген мен Қазақстан Республикасындағы Француз Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге мырзаның кездесуі өтті. Келіссөздер нәтижесінде атом энергетикасы саласы үшін жоғары білікті кадрлар даярлау бағытында ынтымақтастық орнату жөнінде маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Бұл сала бүгінгі таңда Қазақстанның тұрақты технологиялық дамуы үшін стратегиялық маңызға, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Қазіргі таңда Франция атом электр станцияларында өндірілетін энергия көлемі бойынша әлемде екінші орында, ал атом энергетикасының үлесі бойынша бірінші орында тұр. Франция — электр энергиясын экспорттайтын ең ірі елдердің бірі және атом энергетикасы саласында терең зерттеулер жүргізіп келе жатқан мемлекет. Елдің ядролық реакторларды өндіру, отынды әзірлеу және оны қайта өңдеу технологиялары бар. Сонымен қатар, әлемдік маңызы бар халықаралық термоядролық эксперименттік реактор да дәл осы Франция аумағында салынып жатыр.

Францияның маман даярлау тәжірибесі атом энергетикасы үшін кадрлар әзірлейтін қазақстандық жоғары оқу орындары үшін үлкен мәнге ие. Кездесу барысында екі тарап бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, Қазақстан атом өнеркәсібіне қажетті жаңа инженерлік және зерттеу құзыреттерін қалыптастыру, студенттердің академиялық ұтқырлығын дамыту, оқытушылар мен ғалымдардың тағылымдамалары мен ғылыми жобаларға қатысу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, француз университеттерінің базасында зерттеулер жүргізу және Францияның Атом және баламалы энергия жөніндегі комиссариатымен (CEA) ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері де қарастырылды. Бұл – Шығыс Қазақстан өңірінің ядролық физика және атом энергетикасы бағытында білім алып жүрген студенттері үшін жаңа көкжиектер ашады.

Amanzholov University ректоры Мұхтар Төлеген бұл бастаманың Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұлттық энергетиканы жаңғырту және экологиялық таза технологияларды енгізу жөніндегі стратегиялық бағытымен толық үйлесетінін атап өтті:

«Президентіміз бірнеше рет атом энергетикасы саласы үшін отандық мамандар даярлаудың маңыздылығына назар аударған болатын. Бүгінгі келісім – осы бағыттағы нақты әрі жүйелі қадам. Бұл еліміздің ғылыми әлеуетін нығайтып, жаңа буын инженерлер мен зерттеушілердің қалыптасуына институционалдық негіз қалайды», – деді Мұхтар Төлеген.

Француз тарапы өз кезегінде тәжірибе алмасуға және екіжақты ғылыми-білім беру ынтымақтастығын кеңейтуге жоғары қызығушылық танытты. Елші Сильван Гиоге Amanzholov University-дің академиялық әлеуетін жоғары бағалап, оның халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіне белсенді түрде интеграцияланып келе жатқанын атап өтті:

«Біз бұл университеттен академиялық дәстүр мен инновациялық көзқарастың үйлесімін және жаһандық ойлау мәдениетін көреміз. Осы қасиеттер оны ұзақ мерзімді әрі сенімді серіктеске айналдырады», – деді елші.

Айта кетейік, Франция атом энергетикасы саласында әлемдік көшбасшы елдердің бірі болып табылады: елдегі электр энергиясының 70 пайыздан астамы атом көздерінен өндіріледі. Ал уран қоры бойынша әлемде алдыңғы орындардың бірін иеленетін және өз атом инфрақұрылымын дамытып келе жатқан Қазақстан үшін бұл ынтымақтастық ерекше ғылыми және практикалық мәнге ие.

Қол жеткізілген келісімдер энергетика, экология және тұрақты даму салаларындағы қазақстан-француз өзара іс-қимылының негізін құрай отырып, атом саласын жаңғырту үдерістерінде білім мен ғылымның интеграциясының маңызын айқын көрсетеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу