Еріктілер Бұқтырма жағасындағы жартастарды тазалады
Шығыс Қазақстанда волонтерлер Бұқтырма су қоймасының маңындағы жартастарды қоқыстан және ағаштарға байланған ленталардан тазалады. Табиғатты аялауға бағытталған шараға жиырмадан астам белсенді қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Экологиялық сенбілік «Таза ойындар» атты жоба аясында өтті. Оның ұйымдастырушысы – экоактивист Людмила Евженкова. Бұған дейін мұндай шаралар тек Өскеменде өткізілсе, биыл алғаш рет облыстық деңгейде ұйымдастырылды.
Белсенділер тек ленталарды емес, 100 метр радиустағы аумақты да қоқыстан тазартты. Келер жылы олар қайта өңделген пластиктен орындық орнатып, оған экологиялық акция туралы ескертпе тақтайша бекітуді, сондай-ақ жартастарды «жабайы» жазулардан тазартуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бұл сенбілік – өңірде өткен жалғыз экологиялық шара емес. 11 қазанда елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жалпыреспубликалық сенбілік өтті. Оған Шығыс Қазақстанның барлық аудандары қатысты.
Мәселен, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері ағаш көшеттерін отырғызып, Өскемендегі аулаларды тазалады. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының ұжымы да өңірді көгалдандыру мен тазалау ісіне өз үлесін қосты.
Алтай ауданында мемлекеттік мекеме қызметкерлері, студенттер, кәсіпорын жұмысшылары, қоғамдық ұйым өкілдері және жай ғана бейжай қарамайтын тұрғындар да тазалық шарасына белсене қатысты. Олар құрал-жабдықтарын алып, көшеттер отырғызып, аумақты қоқыстан тазартты.
– Біз елдің ең көркем өңірлерінің бірінде өмір сүріп жатырмыз, ал бұл сұлулықты болашақ ұрпақ үшін сақтау – міндетіміз. Бүгін ауданымызды бар күш-жігерімізбен таза әрі жайлы етуге болатынын дәлелдедік, – деді Алтай қаласының әкімі Сергей Охременко.
Өскеменде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жастармен бірге шырша мен қайың көшеттерін отырғызды.
Экологиялық акцияға белгілі өнер өкілдері мен блогерлер де қатысты. Солардың бірі – «Алға Қазақстан» ақпараттық ресурсының авторы Иван Червинский.
Елизавета Седых
Айдос Мырзахметов





