Қазақстан мен Чехия электр станцияларына арналған сүзгілер өндірісін ашу туралы келісімге келді
Чехияға жұмыс сапары барысында ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Чех Республикасының Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Мартин Фрелихпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Келіссөздер барысында тараптар энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ ҚР Энергетика министрлігі мен Чехияның «ZVVZ Engineering» компаниясы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат энергетика саласын экологияландыру және жаңғырту бағытындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Меморандум шарттарына сәйкес, тараптар Қазақстанда сүзгілеу жабдықтарының жергілікті өндірісін ұйымдастыру, энергетика саласындағы қазақстандық мамандарды оқыту, сондай-ақ ТЭН әзірлеу және елдегі көмір электр станцияларында заманауи сүзгілеу қондырғыларын енгізу бойынша өзара іс-қимыл жасауға келісті. Аталған құжатқа қол қойылуы Қазақстанға Чехияның озық технологияларын тартуға, отандық электр станцияларының экологиялық тиімділігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сондай-ақ, қазақстандық делегация бу турбиналарын өндіру бойынша әлемдегі жетекші кәсіпорындардың бірі — Doosan Škoda Power зауытына барып, турбиналарды жаңғырту және реновациялау технологияларын қоса алғанда, өндірістің толық циклымен, сондай-ақ компанияның зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық орталығының (R&D) жұмысымен танысты. Ерекше назар жабдықтың қызмет мерзімін ұзарту және инновациялық шешімдерді енгізу мәселелеріне аударылды. Кездесу соңында тараптар Doosan Škoda Power технологияларын Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған энергетикалық нысандарды жаңғырту және жаңарту мақсатында қолдану мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.







