Катонқарағайда шетелдік мұғалімдер дәріс беріп жүр
Катонқарағай ауданының Сейтқамза Ластаев атындағы орта мектебінде «Балаларға арналған ағылшын тілі» атты жаңа жоба жүзеге асуда. Бастама Білім берудің тұрақты даму қорының қолдауымен 2025 жылдан бастап іске қосылған, деп хабарлайды Altainews.kz.
Жоба аясында ауыл мектебінің білім беру үдерісіне шетелдік педагогтер тартылған. Олар – Майкл Секарро Напал (Филиппин) және Ебенезер Йебоа Овусу (Гана).
Майкл Секарро Напал – педагогика бакалавры, ағылшын тілі мамандығы бойынша магистр. Он жылдан астам еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз Филиппин мен Сауд Арабиясының мемлекеттік мектептерінде дәріс берген.
Ебенезер Йебоа Овусу – PhD докторы, Назарбаев Университетінің түлегі. STEM/STEAM және цифрлық оқыту бағыттарының білікті маманы, Ганада және Қазақстанда сабақ беріп, халықаралық тәжірибе жинақтаған.
Жобаның басты мақсаты – ауыл мектептеріндегі ағылшын тілі және өзге пән мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттыру, оқушыларды IELTS және TOEFL секілді халықаралық емтихандарға дайындау, сондай-ақ тиімді тәжірибені басқа білім беру ұйымдарына үлгі ретінде тарату.
Катонқарағай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлнар Мақұлбекқызы бастаманың аймақ үшін маңызын ерекше атап өтті:
Алдағы уақытта жоба өзге ауыл мектептерінде де жалғасын таппақ.
Айта кетейік, жобаның жылдық бюджеті 125,5 млн теңге. Бұл қаражатқа шетелден мұғалімдерді тартудың барлық шығындары, сондай-ақ Duolingo платформасына 124 оқушы мен 10 мұғалімге тегін жазылым, әдістемелік қолдау үшін AI-құралдарына қолжетімділік және NU секілді еліміздің жетекші жоғары оқу орындары базасында жазғы мектеп ұйымдастыру кіреді. Қазіргі уақытта АҚШ, Нигерия, Филиппин және Алжир елдерінің үміткерлерінен өтінімдер қабылданды. Олармен кәсіби және жеке қасиеттерінің жобаның мақсаттарына сәйкестігін анықтау мақсатында сұхбаттар жүргізіліп жатыр. Жоба алдағы уақытта басқа ауыл мектептерінде де жалғасын табады деп күтілуде.
Айна Бакимбаева

