Қазақстанда бензин мен дизель құны 16 қазан деңгейінде бекітілді
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі елімізде жанар-жағармай материалдарына, нақтырақ айтқанда АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынына енгізілген уақытша баға мораторийінің тәртібі мен мәнін түсіндірді. Бұл шешім Үкіметтің тапсырмасына сәйкес қабылданып отыр және басты мақсат – ішкі отын нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, сонымен қатар қарапайым тұтынушылардың мүддесін қорғау. Министрліктің мәліметінше, 2025 жылғы 16 қазан күнгі бөлшек саудадағы баға деңгейі уақытша шектеу ретінде қабылданып отыр деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Яғни, сол күнгі бензин мен дизель бағасы сақталады. Бұл шешім автожанармай құю стансаларында ЖЖМ құнының күрт өзгеруіне жол бермеу үшін жасалған.
Жалпы, бұл мораторийдің басты қағидасы – АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын бұрынғы деңгейде сақтау, нарықтағы тұрақсыздықты тежеу және әлеуетті тапшылықтың алдын алу.
Бірыңғай баға жоқ, нарық еркіндігі сақталады
Алайда ел аумағы бойынша бірыңғай шекті баға белгіленген жоқ. Яғни әр өңірдегі және әр оператордағы баға әртүрлі болуы мүмкін. Бұл тәсіл нарықтағы бәсекелестікті сақтау үшін арнайы қарастырылған. Энергетика министрлігі бұл икемді шешім нарықтағы теңгерімді бұзбай, әр желіде нақты жағдайына байланысты баға қою мүмкіндігін береді деп есептейді.
Бүгінгі таңда ірі жанармай құю бекеттеріндегі баға келесі деңгейге:
АИ-92 бензині – литріне 213 теңгеден 239 теңгеге дейін;
Дизель отыны – литріне 317 теңгеден 337 теңгеге дейін.
Энергетика министрлігі аталған мораторийді нарық қатысушыларымен нақты келісіп, үйлестірілген түрде жүзеге асырып жатыр. Бұл жерде ірі көтерме ЖЖМ жеткізушілері, жанармай құю стансаларының желілері мен өңірлік операторлар бірлесе жұмыс істеуде.
2025 жылғы 16 қазан күні Энергетика министрлігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және нарықтағы ірі ойыншылардың қатысуымен кең ауқымды кеңес өткізілді. Кеңесте Үкіметтің ЖЖМ бағасын бұдан әрі көтеруге жол бермейтіндігі, бұл бойынша нақты ұстанымы бары, әрі бағаны негізсіз көтерген субъектілерге қатысты монополияға қарсы шаралар қабылданатыны қатаң ескертілді.
Жағдайдың ушығуына жол бермеу үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тарапынан күнделікті мониторинг жүргізіліп жатыр. Егер бағаны көтеруге тырысқан немесе нарықты бұрмалаған фактілер анықталса, заң аясында тиісті шаралар қабылданатын болады. Бұл – нарықта ашықтықты сақтау мен тұтынушы құқықтарын қорғау үшін жасалып жатқан нақты әрекет.
Министрлік еліміздегі жанар-жағармай қорының қазіргі жай-күйін де баяндап өтті.
Қазіргі таңда:
- АИ-92 бензині қоры – 341 мың тонна;
- Дизель отынының қоры – 405 мың тонна.
Бұл көлем еліміздің қажеттілігін 3–4 аптаға толық қамтамасыз етуге жетеді. Сонымен қатар, бұл қорлар үнемі толықтырылып отырады, яғни тапшылық немесе кідіріс күтілмейді.
Қазақстандағы екі ірі мұнай өңдеу зауыты штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Ал Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеу жұмыстарынан кейін 2025 жылғы 25 қазаннан бастап кезең-кезеңімен іске қосылады. Бұл қадам да ішкі нарықтағы ұсынысты арттырып, баға тұрақтылығын нығайта түсуге бағытталған.
Энергетика министрлігі енгізілген мораторийдің орындалуын аймақтық штабтар және нарық субъектілерімен тығыз байланыс орната отырып бақылайды. Сонымен қатар, барлық үдеріс Үкіметтің тікелей бақылауында.
Мұндай үйлестірілген, жан-жақты бақылау мен нақты қадамдар елдегі жанармай нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, әлеуметтік-экономикалық теңгерімді сақтауға септігін тигізеді.
Айгүл Базарова