АИ-92 бензині мен дизель отынының бағасы көтеріле ме?
Қазақстанда АИ-92 бензині мен дизель отынының бағасын көтеруге мораторий енгізіледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың мәлімдеуінше, Мемлекет басшысының әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, жанармай бағасын ұстап тұру бағытында нақты шаралар қабылдануда.
— «Ең алдымен жанармай бағасының көтерілмеу мәселесін қарастырып жатырмыз. Бүгіннен бастап АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын одан әрі көтеруге мораторий жарияланады. Энергетика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, сондай-ақ өңір әкімдіктерімен бірлесіп тиісті жұмыстарды жүргізуде», — деді ол.
Сонымен қатар вице-министрдің айтуынша, электр энергиясы мен жылу тарифтерінің өсуіне де жол берілмейді.
— «Жұмыс бірнеше бағытта жүргізіледі – ішкі шығындарды оңтайландыру, көмірдің тұрақты бағасын қамтамасыз ету және теміржол тарифтерін реттеу. Жақын арада коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеруге де мораторий жарияланбақ. Бұл шаралардың барлығы Президент тапсырмасына сәйкес іске асырылады», — деп атап өтті Сұңғат Есімханов.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Өскеменде АИ маркалы бензин құны 235 теңгені құрайды.
Оқи отырыңыз