KZ
Өскемен
-2°
снегопад жел 4 м/с, Ю
519.61 610.13 6.54

Бейбіт атомның әлеуеті: Франция тәжірибесі және Шығыстың ғылыми серпіні

depositphotos.com

20.10.2025, 13:00 163 Базарова Айгүл

Адамзат өркениетінің бағы мен соры қатар сыналатын уақыт – XXI ғасыр. Таразының бір табағы жасанды интеллект, ғарыш технологиясы мен цифрлы экономиканың шарықтауын салмақтаса, екінші жағы – климаттың өзгеруі, экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы және энергия тапшылығы секілді жаһандық сын-қатерлермен күресіп тұр. Осындай күрделі дәуірде адамзат болашағы энергияны игеру мәдениетіне тіреліп отыр. Көмір мен мұнай заманының күні батуға таяп, ендігі кезең – таза энергияның, жауапкершілік пен сана қуатының ғасыры, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Атом энергиясы — осы жаңа дәуірдің негізгі бағыттарының бірі. Бірақ кез келген технологияның тағдырын тек темір мен формула шешпейді. Шешуші фактор – адам. Атом саласының қуаты – ғалымның ойы, инженердің жауапкершілігі мен зерттеушінің адалдығына негізделеді. Сондықтан ең алдымен адам капиталының мектебі мен интеллектуалды мәдениет басты орында болмақ.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында елдің энергетикалық болашағын айқындайтын басты бағыттардың бірі ретінде атом саласын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы жуырда өткен екінші «Орталық Азия – Ресей» саммитінде де бұл тақырыпқа тоқталып, өңірлік ядролық құзыретті кеңес құруды, ғылыми-зерттеу базасын және кадр даярлау жүйесін нығайтуды ұсынды.

«Атом өнеркәсібіндегі ықпалдастық бірқатар жанама саланың дамуына берік негіз бола алады. Заманауи ғылыми-зерттеу базасы мен білікті кадр даярлау жүйесін нығайту – өзекті мәселе. Бұл бағытта алғашқы маңызды қадам жасалды», – деді Президент.

Осы бағыттағы нақты істер еліміздің білім мен ғылым жүйесінен бастау алып отыр. Бүгінде Қазақстан жоғары оқу орындары халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, жаңа инженерлік буынды даярлауға кірісті. Бұл – елдің болашақ энергиясы үшін қаланған ең сенімді іргетас.

Шығыстағы ғылыми серпін: екі университеттің бір миссиясы

Бұл іргетастың ортасында – Шығыс Қазақстан өңірі тұр. Бұл өлке – елдің ғылыми рухының бір тамыры. Семей полигонының қасіретін де, ғылымның қадірін де таныған қасиетті өңір енді жаңа дәуірдің энергиясын – бейбіт атомның әлеуетін игеруге бет алды.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Францияның жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, атом энергетикасы саласына кадр даярлаудың жаңа моделін қалыптастырып келеді.

Жақында университетте Қазақстандағы Францияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге мен университет ректоры Мұхтар Төлегеннің кездесуі өтті.

Кездесуде екі тарап атом энергетикасына арналған кадрларды даярлау бойынша бірлескен бағдарламаларды әзірлеу, оқытушылар мен ғалымдардың тағылымдамалары, студенттердің академиялық ұтқырлығы және Францияның Атом және баламалы энергия жөніндегі комиссариатымен (CEA) ғылыми байланыстар орнату мәселелерін талқылады.

Мұхтар Төлеген атап өткендей, бұл ынтымақтастық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық энергетика жүйесін жаңғырту және экологиялық таза технологияларды дамыту жөніндегі стратегиялық бағытымен үндес.

«Бұл келісім еліміздің ғылыми әлеуетін нығайтып, жаңа буын инженерлер мен зерттеушілердің қалыптасуына институционалдық негіз қалайды», – деді ректор

Франция Елшісі Сильван Гиоге Amanzholov University-дің халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіне белсенді интеграцияланып келе жатқанын атап өтіп, университетті дәстүр мен инновацияны ұштастырған серіктес ретінде сипаттады.

ШҚТУ тәжірибесі: атом саласына кәсіби кадрлар даярлау

Атом энергетикасы бағытындағы жүйелі кадр даярлау ісі Шығыстағы тағы бір жетекші жоғары оқу орны – Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде қарымды қарқын алуда. Университет бірнеше жыл бойы атом индустриясына арналған мамандарды даярлаудың бірегей моделін іске асырып келеді.

2017 жылдан бері ШҚТУ Ресейдің Ұлттық зерттеу ядролық университеті (МИФИ) және Томск политехникалық университетімен бірлескен екі дипломды бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ «Росатом» госкорпорациясының қолдауымен студенттер мен оқытушылар арнайы ядролық курстардан өтеді, жазғы мектептер мен ғылыми тағылымдамаларға қатысады.

Практикалық дайындық еліміздің жетекші атом кәсіпорындарында өтеді. Университет 1995 жылдан бері «Үлбі металлургия зауытымен» (Қазатомпром құрамында) серіктес. Соңғы үш жылда 166 студент өндірістік тәжірибеден өткен.

2025 жылы МАГАТЭ сарапшыларының қатысуымен жаңа «Атом электр станциясын пайдалану» атты инновациялық білім беру бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаның мазмұны халықаралық талаптарға толық сай келеді.

«Бұл – елімізде тұңғыш рет іске асырылған жоба. Австриядан келген үш эксперт оқу жоспарын қарап, өз ұсыныстарын енгізді. Биыл осы бағдарлама бойынша алғашқы студенттер қабылданды», – дейді ШҚТУ-дың «Сәулет, құрылыс және энергетика мектебінің» деканы Айбек Ақаев.

Осылайша ШҚТУ – Қазақстандағы атом энергетикасына арналған кадрлық әлеуетті қалыптастыратын басты алаңдардың бірі. Университет білім, ғылым және өндіріс арасындағы үштаған жүйені үйлестіре отырып, XXI ғасырдың жоғары технологиялық стандарттарына сай мамандарды даярлап келеді.

Халықаралық ынтымақтастық және аймақтық даму синергиясы

Франциямен серіктестік тек білім мен ғылымда емес, тұтас аймақтық экономика мен технологиялық әлеуетті дамытуда да жаңа мүмкіндіктер ашуда.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың Франция Елшісі Сильван Гиогемен кездесуі де осы бағыттағы маңызды қадам болды. Келіссөз барысында тараптар өнеркәсіп, энергетика, медицина және туризм салаларында ынтымақтастық орнату, соның ішінде атом және энергетика инфрақұрылымын дамыту мәселелерін талқылады.

Француз тарапы су ресурстарын басқару, жылу жүйесін жаңғырту және денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жобаларына қатысуға мүдделі екенін жеткізді.

Airbus Helicopters Kazakhstan және Air Liquide Munay Tech Gases компаниялары аймақтың өндірістік және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша серіктестікке ниетті.

Нұрымбет Сақтағанов өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыру мен кадр даярлау ісі бір бағытта өрбуі тиіс екенін атап өтті:

«Энергетика – экономикалық өсімнің өзегі. Сондықтан бізге өндіріс пен ғылымды ұштастыра алатын жаңа буын инженерлер қажет. Бұл ретте облыс университеттері мен халықаралық әріптестердің тәжірибесі аса маңызды», – деді өңір басшысы.

Атом энергетикасы – тек технология емес, ұлттық сана мен ғылыми мәдениеттің өлшемі. Франция мен Шығыс Қазақстан арасындағы серіктестік — осы мәдениетті жаңа деңгейге көтерудің нақты үлгісі.

Amanzholov University мен ШҚТУ-дың тәжірибесі көрсеткендей, бейбіт атомның болашағы — ғылым мен білімнің тоғысында, ал оның басты күші — адам капиталының сапасында.


Айдос Мырзахметов 










Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу