Ұлан ауданында спорт кешені жаңартылуда
Шығыс Қазақстан облысында спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Ұлан ауданының Привольное ауылында спорт кешеніне күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл нысан аудан спортшылары мен тұрғындары салауатты өмір салтын насихаттап, жастардың бос уақытын өткізетін орталық, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған кешен 2007–2008 жылдары бой көтерген. 2024 жылы «Багратион-2» шаруа қожалығының басшысы Василий Воропайдың қолдауымен нысанның шатыры толық ауыстырылды. Бүгін жөндеу жұмыстарының барысымен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов танысты. Мұнда жастар мен ересектер спорттың түр-түрімен айналысады, енді заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған үйірмелердің жұмысы да жолға қойылмақ.
Қазіргі уақытта Привольное ауылында армрестлинг, кёрлинг және шайбалы хоккей бойынша алты бапкер-жаттықтырушы жұмыс істейді. 132 спортшы тұрақты түрде жаттығады, олардың арасында әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.
Күрделі жөндеу аясында ғимараттың қабырғалары сыланып, ішкі бөлмелер боялады, едендер ауыстырылып, 120 орындық акт залына жаңа креслолар орнатылады. Екінші қабатта жаттығу және күрес залдары, сондай-ақ бильярд бөлмесі ашылады. Нысан автономды жылыту жүйесімен қамтамасыз етіліп, жыл бойы пайдалануға мүмкіндік береді.
Жөндеу жұмыстары аяқталған соң спорт кешені аудандық бюджет балансына өтеді. Бұл нысан кәсіби спортшылардың жаттығулары мен аудан тұрғындарының белсенді демалысына арналған орынға айналады деп күтілуде.
Дамир Омаров
Фото: Данияр Сагидолдин
Видео: Щетников Евгений


